Әлеумет

«Қорғаста» Қытай полициясы қазақстандықтарды ұстай алады: жаңа келісім нені өзгертеді?

Қытай полициясы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының Қытайға тиесілі бөлігінде Қазақстан азаматтарын ұстап, қамауға ала алады.

Қорғас

Мұндай өкілеттік Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа келісімде қарастырылған.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты реттейтін келісімді ратификациялау туралы заң жобасын дайындады.

Құжаттың 10-бабына сәйкес, Қазақстан мен Қытайдың құқық қорғау органдары «Қорғас» аумағында құқық бұзған азаматтарды, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды ұстап, қамауға алуға және орталық аумағынан шығаруға құқылы.

Алайда әр мемлекеттің полициясы тек өз елінің аумағында әрекет ете алады. Яғни Қытай полициясы орталықтың Қытай бөлігінде жүрген қазақстандықтарды ұстай алады, ал Қазақстан полициясы өз аумағында Қытай азаматтарына қатысты тиісті шаралар қолдана алады.

Келісім бойынша ұсталған азаматты орталықтан шығару кезінде шекарадан өту рәсімдері сақталып, екінші мемлекеттің шекара қызметіне хабар берілуі тиіс.

Егер құқық бұзушылыққа күдікті адам «Қорғас» ішіндегі шекарадан өтіп, көрші мемлекеттің аумағына кетсе, сол елдің құқық қорғау органдары әріптестеріне хабарлап, оны іздестіру мен ұстауға көмектесуге міндеттеледі.

Сонымен қатар келісімде екі елдің күштік құрылымдарына қатысты нақты шектеулер белгіленген. Қытай полициясы Қазақстан аумағына өз бетінше кіре алмайды. Мұндай тыйым жаппай тәртіпсіздік, террористік шабуыл немесе адамдардың өміріне қауіп төнген төтенше жағдай кезінде де сақталады. Шекарадан өту үшін екінші тараптың арнайы рұқсаты немесе сұрауы қажет.

Құжат екі елдің құқық қорғау органдарына қылмыстар туралы ақпарат алмасуға, күдіктілерді іздестіруге және тергеу жұмыстарына өзара көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Шұғыл жағдайларда көмек сұрау ауызша немесе электронды байланыс арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бірақ мұндай өтініш 48 сағат ішінде жазбаша расталуы тиіс.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай ұлттық қауіпсіздікке қатысты ақпаратты алдын ала сұрау салмай-ақ бір-біріне бере алады.

Дегенмен тараптардың әрқайсысы екінші мемлекеттің сұрауын орындаудан бас тартуға құқылы. Егер сұрау елдің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне қатер төндірсе немесе ұлттық заңнамасына қайшы келсе, оны орындамауға болады.

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі 2026 жылғы 5 қыркүйекте №793 қаулымен аталған келісімге қол қоюды мақұлдаған.

Енді құжатты ратификациялау көзделіп отыр. ІІМ мұның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, соның ішінде адамдарды ұстау және мемлекеттік шекарадан өту мәселелеріне қатысы бар екенін түсіндірген.

Жаңа тәртіп ратификациялау және өзге де қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана күшіне енеді. Келісім соңғы дипломатиялық хабарлама алынған күннен бастап 30 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Қорғас
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз