Әлеумет

Прагада ондаған мың адам биліктің медиа реформасына қарсы шеруге шықты

Чехия астанасы Прагада ондаған мың адам қоғамдық телеарналар мен радионы қаржыландыру жүйесін өзгертуге қарсы наразылық акциясына шықты.

Прагадағы шеру

 Үкімет қоғамдық ақпарат құралдарын мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырып, оларға бөлінетін қаражатты 15 пайыздан астам қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы DW жазды.

25 қазанда өткен жаппай шеруді "Демократия үшін миллион сәт" қоғамдық қозғалысы ұйымдастырған. Наразылыққа қатысушылар "Цензураның қайта оралуын қаламаймыз!" және "Тәкаппарлық пен бүлдіру саясатын жүргізетін үкіметті тоқтатыңдар!" деген ұрандар жазылған плакаттар көтерген.

Премьер-министр Андрей Бабиш басқаратын үкімет қоғамдық телерадио хабарларын тарату үшін тұрғындардан жиналатын міндетті төлемді алып тастауды ұсынып отыр. Жаңа жүйе бойынша Чехия телевидениесі (ČT) мен Чехия радиосы (ČRo) тікелей мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.

Сонымен қатар реформа аясында аталған ақпарат құралдарына бөлінетін қаржыны 15 пайыздан астам қысқарту көзделген.

Наразылық білдірушілер мұндай өзгеріс қоғамдық БАҚ-тың тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, олардың билікке қаржылық тәуелділігін күшейтеді деп есептейді.

24 қазан күні таңға жуық заң жобасы Чехия парламентінің төменгі палатасында бірінші оқылымнан өткен. Енді құжат парламент комитеттерінде қаралады.

Чехия президенті Петр Павел де үкіметтің заң жобасын асығыс қабылдатуға ұмтылуын сынға алды. Оның айтуынша, реформаны түнгі уақытта және демалыс күндері талқылау биліктің шынайы ниетіне күмән туғызады.

Ал премьер-министр Андрей Бабиш бұл айыптауларды жоққа шығарды.

"Ешкім телебағдарламалардың мазмұнына немесе жаңалықтарды жариялау процесіне араласқалы отырған жоқ", – деді ол.

Соңғы күндері Прага, Брно және Чехияның өзге де қалаларында осындай наразылық акциялары өткен. Алайда олардың ауқымы ел астанасындағы шеруге қарағанда шағын болған.

Реформаға Еуропалық хабар тарату одағы (EBU), Еуропалық журналистер федерациясы және "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы да қарсылық білдірген.

AFP агенттігінің мәліметінше, реформаны сынаушылар Бабиш үкіметі қоғамдық БАҚ-тың тәуелсіздігін шектеуге бағытталған саясат жүргізуі мүмкін деп алаңдайды. Олар Чехиядағы бастаманы Словакия премьер-министрі Роберт Фицо мен Венгрияның бұрынғы үкімет басшысы Виктор Орбан жүргізген медиа саясатымен салыстырып отыр.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз