Алматы мен Алматы облысында электр энергиясы қымбаттайды
Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары электр энергиясы үшін енді көбірек төлейді. Жаңа тарифтер 12 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Қарапайым тұрмыстық тұтынушылар үшін электр энергиясының орташа бағасы ҚҚС-ты қоса есептегенде 1 кВт/сағ үшін 37,92 теңге болады. Дегенмен нақты төлем тұтыну көлеміне байланысты есептеледі.
Жеке тұлғалар үшін үш деңгейлі тариф жүйесі сақталады:
Бірінші деңгей - 34,28 теңге/кВт·сағ;
Екінші деңгей - 45,51 теңге/кВт·сағ;
Үшінші деңгей - 56,89 теңге/кВт·сағ. Яғни белгіленген шектен көп электр жұмсаған сайын келесі киловатт-сағаттың құны да жоғарылайды.
Тариф не себепті өсті?
«Энергосбыт» компаниясы бағаның көтерілуін электр энергиясын сатып алу құнының артуымен түсіндірді. 15 шілдеден бастап электр энергиясының көтерме сатып алу бағасы 23%-ға өсіп, 13 теңгеден 16 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал 12 қыркүйектен бастап электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы ҚҚС-пен бірге 45,59 теңге/кВт·сағ болады. Ал тұрмыстық емес мақсатта электр энергиясын пайдаланатын тұтынушылар үшін тариф 50,03 теңге болып белгіленді. Мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекет қатысатын бірқатар ұйымдар үшін баға 50,38 теңге/кВт·сағ болады. Ал арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы кәсіпорындар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері және басқа да бірқатар ұйымдар үшін тариф 45,59 теңге/кВт·сағ деңгейінде белгіленді.