Ресей зымырандары құлағаннан кейін НАТО Польшаға AWACS ұшағын жібереді
Бұл туралы Польша қорғаныс министрінің орынбасары Павел Залевский мәлімдеген.
НАТО елдері Польшаның әуе кеңістігін қорғауды күшейту үшін AWACS радиолокациялық барлау ұшағын жіберуге келісті. Мұндай шешім 23 қарашада Брюссельде өткен Солтүстік Атлантика кеңесінің отырысында қабылданды. Бұл туралы Польша қорғаныс министрінің орынбасары Павел Залевский мәлімдеген.
Оның айтуынша, аталған ұшақ Польшаға әуе кеңістігіндегі жағдайды бақылауға және ықтимал қауіп-қатерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
НАТО-ның ресми өкілі Эллисон Харт альянстың Еуропадағы Біріккен қарулы күштерінің жоғарғы қолбасшысы генерал Алексус Гринкевичтің AWACS ұшағын орналастыруға рұқсат бергенін растады.
Сонымен қатар альянс Польша мен басқа да аймақтардың қорғанысын күшейту мақсатында қосымша әскери құралдарды орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
НАТО-ның бұл шешіміне 20 қарашада Ресейдің Украинаға жасаған әуе шабуылы кезінде Польша аумағына үш зымыранның құлауы себеп болды.
Польша прокуратурасы Люблин және Підкарпатье өңірлерінен табылған зымыран қалдықтарының Ресейдің Х-101 қанатты зымырандарына тиесілі екенін мәлімдеді.
Польша премьер-министрі Дональд Туск бұл оқиғаның әдейі жасалған арандатушылық болуы мүмкін екенін айтқан. Ал НАТО бас хатшысы Марк Рютте оқиғаны қауіпті әрі жол беруге болмайтын жағдай деп бағалап, оның қасақана жасалған-жасалмағанын құзырлы органдар анықтауы қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, AWACS – әуедегі нысандарды ерте анықтауға, бақылауға және әскери авиацияның әрекеттерін үйлестіруге арналған ұшақ. Қазіргі уақытта НАТО-ның осындай 14 ұшағы бар.
Келесі аптада НАТО елдерінің сыртқы істер министрлері Польшаның қорғанысын күшейтуге қатысты қосымша ұсыныстарды қарастырады.