Әлеумет

Словакияда ұсталған қазақстандық студенттер сот шешімімен босатылды

Словакияда ұсталған қазақстандық студенттер сот шешімімен босатылды

1

Словакияда полиция қызметкерінің кейпіне еніп, тұрғын үйге басып кірді деген күдікпен ұсталған төрт студент сот шешімімен бостандыққа шықты. Олардың кемінде үшеуі Қазақстан азаматы екені хабарланды.

Словакияның TV Markíza телеарнасының мәліметінше, сот күдіктілерді қамауда ұстауға жеткілікті негіз жоқ деп тапқан. Алайда бұл шешім олардың ақталғанын білдірмейді. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Прокуратура сот шешімімен келіспей, шағым түсірген. Оны 26 қарашада қарау жоспарланған.

Оқиға қалай болған?

Бұған дейін "Жас Алаш" Словакияның Тренчин қаласында адам ұрлау және күш қолдану күдігімен қазақстандықтардың ұсталғанын хабарлаған еді.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, 18-21 жас аралығындағы бес жігіт полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, егде жастағы әйелдің үйіне барған. Олардың үстінде қара киім, беттерінде балаклава болған.

Күдіктілер өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, үйге заңсыз кірген және тінту жүргізген. Кейін үйден іздеген ер адамды тауып, соққыға жыққан.

Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылға қаржылық дау себеп болған. Күдіктілер өздеріне қарызы бар ер адамнан ақшасын қайтаруды талап етпек болған.

Оқиға кезінде үйде болған егде жастағы әйел полиция шақырған. Құқық қорғау органдары күдіктілердің төртеуін ұстаған, ал бесінші адам оқиға орнынан қашып кеткен.

Ұсталғандардың барлығы 18-21 жас аралығындағы жастар екені және Тренчин қаласындағы университеттердің бірінде білім алатыны хабарланды.

Бастапқыда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Словакияда төрт қазақстандық азаматтың ұсталғанын растаған болатын.

"Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне Словакия Республикасында төрт қазақстандық азаматтың ұсталғаны белгілі. Оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдай министрліктің бақылауында", – деп хабарлаған еді ведомство.

Алайда кейінгі ақпаратта ұсталған төрт адамның үшеуі Қазақстан азаматы екені айтылды. Бұл айырмашылыққа қатысты әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, оларға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар студенттердің университеттен шығарылу қаупі бар.

Қазір күдіктілер бостандықта болғанымен, оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылған жоқ. Прокуратураның шағымы 26 қарашада қаралады.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Польша
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз