Журналист Борейконың өлімі туралы жалған ақпарат тарады
Журналист Борейконың өлімі туралы жалған ақпарат тарады
Қазақстандық журналист Вадим Борейконың қайтыс болғаны және оны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтетіні туралы жалған ақпарат мессенджерлерде қайта тарай бастады. Бұл туралы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры хабарлады.
Қордың мәліметінше, белгісіз адамдар қазақстандық БАҚ атынан жалған арналар мен аккаунттар ашып, журналистің қазасы туралы ақпарат таратып жатыр. Атап айтқанда, алаяқтар «Республика Media», Exclusive және басқа да басылымдардың атауы мен логотиптерін пайдаланған.
Мәселен, олар «Республика Media» басылымының атауы мен логотипін көшіріп, журналистің құлпытасы мен оның айналасындағы адамдар бейнеленген жалған сурет жасаған.
«Әділ сөз» қоры азаматтарды мұндай хабарламаларға сенбеуге шақырды. Қор өкілдері жалған арналардың атауы түпнұсқадан аздап қана ерекшеленуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан күмәнді ақпаратты өзгелерге таратпай, жалған аккаунттарға шағым түсіруге кеңес береді.
Айта кетейік, Борейконың өлімі туралы жалған хабарламалар журналистке қарсы қозғалған сот ісі бойынша шешім шығарылар алдында пайда болған.
13 қарашада сот «Etude-Ybyrai» ЖШС-нің талап арызы бойынша Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 миллион теңге төлеуге міндеттеген.