Әлеумет

Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізуге шарт қойды: Трамп талаптарды қабылдамады

Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізуге шарт қойды: Трамп талаптарды қабылдамады

Иран АҚШ

Иран АҚШ-пен арадағы соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда Тегеран келіссөзді жалғастыру үшін Вашингтоннан нақты кепілдіктер талап етіп отыр. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынып отырған шарттарды қабылдамайтынын айтты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 20 қарашада елдің мемлекеттік Iran газетіне берген сұхбатында Тегеран мен Вашингтон арасында делдалдар арқылы хабар алмасу жалғасып жатқанын мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, Иран болашақта жаңа соғыстың басталуына жол бермейтін келісімге қол жеткізгісі келеді. Ол үшін АҚШ келіссөзге шынайы ниетпен қатысатынына кепілдік беруі тиіс.

Аракчи Тегеранның негізгі талаптарының бірі ел аумағындағы жоғары деңгейде байытылған уран қорын сақтап қалу екенін айтты. Иран бұл мәселеде ұлттық мүдделерін ескеретін әділ шешім табуға болатынын жоққа шығармайды.

Бұған дейін тараптар арасындағы келіспеушілікті шешудің бірнеше жолы қарастырылған. Соның бірі – жоғары деңгейде байытылған уран қорын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бақылауымен сұйылту.

Агенттіктің бағалауынша, 2025 жылғы маусымда АҚШ пен Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған кезде елде 60 пайызға дейін байытылған 440,9 келі уран болған. Алайда оның қанша бөлігі сақталғаны белгісіз.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп 20 қарашадағы баспасөз мәслихатында Иранның келісімге келгісі келетінін, бірақ ұсынған шарттары Вашингтон үшін қолайсыз екенін мәлімдеді.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға әскери соққы жасаған. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге және Парсы шығанағындағы АҚШ әскери базалары орналасқан елдерге шабуыл ұйымдастырды.

Содан бері Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс халықаралық кеме қатынасына кері әсер етіп, әлемдік энергетика нарығындағы бағаның өсуіне ықпал етті.

Қазір тараптар арасындағы дипломатиялық байланыстар делдалдар арқылы жалғасып жатыр. Осы аптада Катар мен Иран өкілдері де кездесіп, ұсыныстар арасындағы қайшылықтарды азайту мәселесін талқылаған.

Алайда Вашингтон мен Тегеран әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: АҚШ Иран
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз