Халық кеңесі қандай мәселелерді шешуге кірісті?
Қоғамдық келісім мен тұрақтылық ортақ мүдде төңірегіне топтасып, азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған әрекеттен көрініс табады.
Осы тұрғыдан Халық кеңесі ел ішіндегі бірлікті нығайтумен қоса, білім, мәдениет, тіл, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты сияқты бағыттарды да қамтып отыр.
Халық кеңесінің ұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссиясының кезекті отырысында ауылдарды қолдау, мемлекеттік тілді дамыту, цифрлық сауаттылық, мәдениет пен жастардың әлеуетін арттыруға қатысты ұсыныстар талқыланды. Бұл жиынға Марат Әзизханов пен Нарине Микаелян төрағалық етті.
Ең алдымен Руфина Усанова өңірлердегі азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілердегі талқылауларды саралап, қоғамдық мәселелердің картасын әзірлеуді ұсынды. "Қоғамдық мәселелер мен бастамалардың өңірлік картасы" жобасы әр облыс, қала және аудан бойынша ең өзекті 10-20 мәселені анықтауды көздейді.
Картада мәселелермен бірге жауапты мекемелер, оларды шешу шаралары мен мерзімдері көрсетілмек. Бұл азаматтардың өтінішіне бір реттік жауап берумен шектелмей, мәселенің шешілу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Жобаның тиімділігі нақты түйткілдердің шешілгені және орындалу барысы қаншалықты ашық көрсетілетініне байланысты.
Тіл мен мәдениет – ортақ кеңістіктің негізі
Комиссия отырысында мемлекеттік тілді дамыту, мәдени байланыстарды кеңейту және әдебиетке қызығушылықты арттыру мәселелері де қозғалды. Лугмар Буларов "Этномәдени әралуандық жағдайындағы мемлекеттік тілдің рөлі" тақырыбында Қордай ауданындағы тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тілін үйренуге қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін айтты. Ол тіл курстарын тұрақты ұйымдастыру, жастар мен ересектерге оқыту мүмкіндіктерін кеңейту, білікті мамандар тарту мәселелерін көтерді. Оның пікірінше, мемлекеттік тілді меңгеру азаматтардың қоғамдық өмірге араласуына, білім мен ақпаратқа қол жеткізуіне ықпал етеді. Сондықтан тіл үйрету жұмыстары курстар ашып қана қоймай, қазақ тілін күнделікті ортада қолдануға мүмкіндік беруге бағытталуы қажет.
Мұнымен қоса мәдениет пен әдебиетті қолдауға арналған бірнеше бастама да ортақ жобаға біріктірілді. Нарине Микаелян ұсынған "Шекарасыз халық өнері" мәдениет өкілдерімен кездесулер мен шеберлік сабақтарын өткізуді көздейді. "Кітап оқу сағаты" этномәдени бірлестіктер мүшелерінің кітап талқылауына қатысуына мүмкіндік берсе, Абдулла Исматуллаев ауыл жастарының оқу клубтарын ашу, жазушылармен кездесулер өткізу және кітапхана қорын жаңарту идеясын ұсынды. Белла Газдиева көтерген "Бір ел, көп хикая" әдеби фестивалі де осы бағыттағы бастамалардың бірі.
Комиссия бұл жобаларды жеке-жеке емес, біртұтас республикалық әдеби-мәдени бағдарлама аясында жүзеге асыруды ұсынды. Мұндай тәсіл бастамалардың сабақтастығын сақтап, өңірлерде тұрақты мәдени орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық қызметтерді пайдалану әлі де бірқатар азаматтарға қиындық туғызады. Осыған байланысты комиссия "Цифрлық қамқорлық" бастамасын ұсынды. Жоба аясында Достық үйлерінде ерікті тәлімгерлер азаматтарға электронды үкімет қызметтерін, банк қосымшалары мен түрлі онлайн платформаларды пайдалануды үйретіп, интернет алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндіреді. Бастаманың мақсаты – цифрлық қызметтерді меңгерту арқылы азаматтардың өз мәселелерін өз бетінше шешуіне көмектесу.
Белла Газдиева логопедия мен клиникалық лингвистика саласын дамыту мәселесін де көтерді. Бұл бағытта мамандар даярлау, кәсіби стандарттар қалыптастыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру және жоғары оқу орындарында клиникалық базалар ашу ұсынылды. Комиссия ұсыныстарды мүдделі тараптармен пысықтап, мемлекеттік органдарға жолдауды жоспарлап отыр.
Жастарға мүмкіндік, қоғамға жауапкершілік
Жастардың қоғамдық өмірге араласуы, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуы және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру да отырыста назарға алынды. Юрий Тимошенко ұсынған "Ұрпақ өнегесі" жобасы тәлімгерлік байланыстарды қалыптастыру, тәжірибе алмасу мен жас буынның жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Рафаил Гаджибалаев өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бастамаларымен қатар, "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында "Жасыл мектеп: 500 ағаш – бірлік символы" жобасын ұсынды. Ал Виталий Хмелевский, Александра Цхай және басқа қатысушылар жастар кәсіпкерлігі, қаржылық сауаттылық, кәсіби дағдылар мен бизнес байланыстарды дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Комиссияда қаралған бастамалардың бірқатары қосымша талқылауды және ұйымдастырушылық қолдауды қажет етеді. Іріктелген ұсыныстарды жетілдіріп, Қоғамдық келісім және ұлттық бірлік комитетіне қарауға жолдау көзделіп отыр.
Қоғамдық келісім ортақ ұстаныммен ғана емес, оның нақты жүзеге асуымен бекемделеді. Халық кеңесі аясындағы жобалар бірлік идеясын білім, тіл, мәдениет, цифрлық қолдау, экология және әлеуметтік жауапкершілік бағыттарымен ұштастырады. Ендігі міндет – бастамалардың қағаз жүзінде қалмай, қоғамға пайдалы нәтижеге айналуы.