Ресей жыл соңына дейін ғарышқа ядролық қару орналастыруы мүмкін – Reuters
Ресей жыл соңына дейін ғарышқа ядролық қару орналастыруы мүмкін
Ресей 2026 жылдың соңына дейін ядролық оқтұмсықпен жабдықталған жерсерікті Жер орбитасына шығаруды жоспарлап отырған болуы мүмкін. Батыс барлау қызметтері Мәскеудің мұндай қадамға алдағы бірнеше апта ішінде баруы ықтимал екенін ескертті.
Бұл туралы Reuters агенттігі Германияның WDR, NDR телеарналары мен Süddeutsche Zeitung басылымының бірлескен зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады.
Журналистердің мәліметінше, НАТО-ға мүше бірнеше мемлекеттің барлау қызметтері Ресейдің ғарышқа ядролық қару орналастыру жоспары туралы ақпарат алмасқан. Германияның Федералдық барлау қызметі (BND) мен қарулы күштері де ықтимал қауіпке қатысты мәліметтерді зерттеген.
Барлау деректеріне сәйкес, Ресей "Спутник-S" деп аталатын, ядролық оқтұмсық тасымалдауға арналған жерсерікті бірнеше жыл бұрын құрастырып қойған болуы мүмкін. Құрылғы қазір Мәскеу облысында сақтаулы тұрғаны хабарланды.
Неміс басылымдарының жазуынша, жерсерік алдағы апталарда, тіпті желтоқсан айында ұшырылуы ықтимал.
Ғарыштағы ядролық жарылыс қандай қауіп төндіреді?
Батыс әскери сарапшыларының бағалауынша, мұндай қару ең алдымен Жер орбитасындағы жерсеріктерді істен шығаруға бағытталуы мүмкін.
АҚШ Ғарыш қолбасшылығының басшысы Стивен Уайтингтің айтуынша, ғарышта ядролық жарылыс болған жағдайда төменгі орбитадағы жерсеріктердің шамамен үштен бірі алғашқы сағаттарда немесе күндерде істен шығуы ықтимал.
Кейін радиациялық әсер салдарынан басқа жерсеріктер де біртіндеп жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Мұндай жағдай GPS навигациясына, байланыс жүйелеріне, электр энергетикасына және басқа да маңызды инфрақұрылымдарға қауіп төндіреді.
Германияның кибер және ақпараттық кеңістік саласындағы әскери құрылымының өкілі, генерал-майор Армин Фляйшманн ғарыштағы ядролық жарылыстың салдары аса ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.
Ресей айыптауларды жоққа шығарды
Германиядағы Ресей елшілігі журналистердің сауалына жауап беріп, аталған жоспар туралы мәліметі жоқ екенін хабарлаған. Сонымен қатар Мәскеудің ғарыш қызметіне қатысты айыптауларды негізсіз деп атап, оларды ақпараттық науқанның бір бөлігі ретінде бағалаған.
Бұған дейін де АҚШ Ресейдің жерсеріктерді жоюға қабілетті ядролық қару жасап жатқанын мәлімдеген. Алайда Ресей билігі мұндай айыптауларды жоққа шығарған болатын.
Айта кетейік, 1967 жылы қабылданған Ғарыш туралы халықаралық шартқа сәйкес, мемлекеттерге Жер орбитасына ядролық қару немесе жаппай қырып-жоятын басқа да қару түрлерін орналастыруға тыйым салынған.
Әзірге Ресейдің ядролық қаруы бар жерсерікті ғарышқа ұшыру туралы нақты шешім қабылдағаны ресми түрде расталған жоқ.