Әлеумет

Ресей Финляндия шекарасы маңындағы әскери базасын кеңейтіп жатыр

Ресей Финляндия шекарасы маңындағы әскери базасын кеңейтіп жатыр

1

Ресей Финляндия шекарасынан 60 шақырым жерде орналасқан Каменка әскери қалашығын жаңғырту жұмыстарын жеделдетті. Ондағы әскери қызметшілердің санын 11 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл туралы Финляндияның Yle телерадиокомпаниясы спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп хабарлады.

Басылымның мәліметінше, биыл әскери қалашықтағы бірқатар ескі ғимарат, әскери техникаға арналған ангарлар, екі асхана мен екі казарма бұзылып, олардың орнына жаңа нысандар салына бастаған.

Каменкада Ресейдің Финляндия бағытындағы ең ірі құрлық әскери құрамасы – 69-мотоатқыштар дивизиясы орналасқан.

1990 жылдардың соңынан бері мұнда шамамен 4400 әскери қызметшіден тұратын бригада болған. Енді оның орнына жасақталып жатқан дивизияның құрамын 11 мың адамға дейін жеткізу көзделген. Аталған дивизияның әскери қызметшілері Украинадағы соғысқа да қатысып жатыр.

Сонымен қатар Каменкаға жақын орналасқан Кирилловское әскери қалашығында да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алайда журналистер жаңадан салынған ірі ғимараттың нақты мақсатын анықтай алмаған.

2024 жылы Ресей Солтүстік Еуропа бағытындағы қарулы күштерін нығайту туралы шешім қабылдап, Ленинград әскери округін қайта құрған болатын.

Мәскеу бұған дейін Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуына жауап ретінде солтүстік-батыс бағыттағы әскери әлеуетін арттыратынын мәлімдеген.

Айта кетейік, Финляндия 2023 жылы, ал Швеция 2024 жылы НАТО құрамына қосылды. Ресей мен Финляндия арасындағы ортақ шекараның ұзындығы шамамен 1340 шақырымды құрайды.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Ресей
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз