Live

КҚК-ға жасалған шабуыл: Қазақстан мен АҚШ экспортты инфрақұрылымды қорғау мәселесін талқылады

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффпен кездесіп, өңірлік энергетикалық қауіпсіздік, энергия ресурстарын тұрақты жеткізу және экспорттық инфрақұрылымның сенімді жұмысын талқылады.

Фото: ашық дереккөз

Кездесу Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалында «Теңізшевройлдың» мұнайын тиеп жатқан танкерге жасалған кезекті дрон шабуылынан кейін өтті. Алайда Энергетика министрлігінің хабарламасында бұл оқиғаның тараптар арасында нақты талқыланғаны көрсетілмеген.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан мен АҚШ энергетика саласындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.

Тараптар әлемдік нарыққа энергия ресурстарын үздіксіз экспорттау мәселесіне ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысында олар Стратегиялық энергетикалық әріптестік аясындағы диалогты жалғастыруға, инвестиция тартуға және бірлескен жобаларды дамытуға келісті.

Еске салсақ, 30 шілде күні Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де Маршалл аралдарының туы астында жүзген NISSOS SIFNOS танкеріне дрон шабуыл жасалды. Кеме КТК терминалының ВПУ-3 қалқымалы тиеу құрылғысында мұнай тиеп жатқан. Жүк жөнелтуші – «Теңізшевройл» ЖШС.

Соққы мұнай қабылдайтын жабдық орналасқан жүк палубасына тиген. Соның салдарынан танкерде өрт шыққанымен, ол тез арада сөндірілді. Зардап шеккендер мен мұнайдың төгілуі тіркелген жоқ. Дегенмен мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.

КТК жүйесі арқылы Қазақстан экспорттайтын мұнайдың шамамен 80 пайызы тасымалданады. Сондықтан теңіз терминалы жұмысының кез келген іркілісі ел экономикасына және әлемдік нарыққа мұнай жеткізуге қауіп төндіруі мүмкін.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды талқылаған болатын.

Сайт Әкімшілігі