Көкшетауда тергеуге шақырылған дәрігер өзіне қол жұмсаған
Ақмола облысында аудандық ауруханада терапевт болып жұмыс істеген 38 жастағы әйел өзіне қол жұмсаған.
Бұған дейін ол Көкшетауда қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап берген.
Қайтыс болған әйел Есіл аудандық ауруханасында дәрігер болып жұмыс істеген.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өзіне қол жұмсаған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді", – делінген полиция хабарламасында.
БАҚ мәліметінше, әйел қайтыс болардан аз уақыт бұрын Көкшетаудағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап берген.
Тергеуге шақырылар алдында ол Алматыдағы демалысынан оралған. Тергеу әрекеттері кезінде оның ұялы телефоны тәркіленгені хабарланды.
Сондай-ақ дәрігер жауап алудан кейін жұмысқа шықпаған. Кейін оны әпкесі өлі күйінде тапқан.
Әзірге әйелдің өлімі мен тергеу әрекеттерінің арасында қандай да бір байланыс бар-жоғы анықталған жоқ. Оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.