Live

Колумбияда жойқын жер сілкінісінен кейін төтенше жағдай жарияланды

Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья магнитудасы 7,4 болатын жойқын жер сілкінісінен кейін бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жариялады.

Фото: Giovanny Galvez/AFP

Табиғи апат салдарынан кемінде 132 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. АҚШ Колумбияға шұғыл көмек бөлетінін мәлімдеді.

Абелардо де ла Эсприэлья бұл туралы 10 тамызда, президент қызметіне кіріскеніне небәрі үш күн болғанда мәлімдеді.

«Апат салдарына тиісті деңгейде әрекет ету үшін мемлекеттің барлық ресурсы жұмылдырылады. Бірінші кезекте үйінді астында қалған адамдарды құтқару қажет», – деді ол.

Колумбияның өңірлік орталықтар қауымдастығының мәліметінше, жер сілкінісінен кемінде 132 адам қаза тауып, 570 адам жараланған.

Бірқатар қалада, соның ішінде Перейра, Кали және Манисалесте 1500-ден астам тұрғын үйге айтарлықтай зақым келген. 60-қа жуық ғимарат толығымен қираған. Сондай-ақ 18 аурухана мен 52 мектеп зардап шекті.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатқандықтан, қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін деген қауіп бар.

XXI ғасырдағы Колумбиядағы ең күшті жер сілкінісі

Жер сілкінісі 10 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07:34-те болған.

Колумбия геологиялық қызметінің (SGC) мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы елдің батысындағы Сан-Хосе-дель-Пальмар қаласына жақын жерде, шамамен 103 шақырым тереңдікте орналасқан.

Негізгі дүмпуден кейін көптеген афтершок тіркелді.

«Бұл – XXI ғасырда Колумбияда тіркелген ең күшті жер сілкінісі», – деп мәлімдеді SGC.

АҚШ Мемлекеттік департаменті 10 тамызда Колумбияға 15,5 млн доллар көлемінде шұғыл көмек бөлінетінін хабарлады.

«Біз Колумбия халқымен біргеміз және президент Абелардо де ла Эсприэльяға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік департаменті.

Абелардо де ла Эсприэлья маусымдағы сайлауда жеңіске жеткен

Абелардо де ла Эсприэлья биыл маусымда өткен Колумбия президенті сайлауының екінші турында солшыл кандидат Иван Сепеданы жеңген. Ол Конституцияға сәйкес екінші мерзімге сайлауға түсе алмаған Густаво Петроның орнына келді.

Де ла Эсприэлья есірткі бизнесімен айналысатын қарулы топтарға қарсы әскери күш қолданатынын және экономикадағы мемлекеттік реттеуді азайтуды көздейтінін мәлімдеген. Сондай-ақ қылмыспен күрес аясында Сальвадор үлгісімен ірі түрмелер салуды жоспарлаған.

Жаңа президент сайланғаннан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Дональд Трамп әкімшілігі Колумбияның жаңа билігімен қауіпсіздік, АҚШ-қа заңсыз көші-қонды тежеу және экономикалық байланыстарды нығайту бағыттарында тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтқан.

Сайт Әкімшілігі