Әлеумет

«Көң араластырылған нан жеп, иттің үйшігінде түнеген»: Қарағандыда асырап алған балаларын азаптаған отбасыға үкім шықты

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты алты асыранды балаға қатыгездік көрсетті деп айыпталған ерлі-зайыптылар мен олардың қызына қатысты үкім шығарды.

Фото: ЖИ

Тергеу мәліметіне сәйкес, Қарқаралы ауданында тұратын педагогтар отбасы балалар үйінен патронаттық тәрбиеге алған балаларды бірнеше жыл бойы жүйелі түрде қорлаған. Айыптау тарапының дерегінше, балалар ауыр жұмысқа жегіліп, мал бағуға мәжбүр болған, сондай-ақ ұрып-соғу, қорлау және аштықта ұстау фактілеріне ұшыраған.

Сот барысында асыранды балалардың болмашы қателіктері үшін жазаланғаны, кей жағдайда көң араластырылған нан жеуге және иттің үйшігінде түнеуге мәжбүр болғаны айтылды. Сонымен қатар балалардың үстіне қайнаған су құйылып, қыздырылған темірмен күйдірілгені туралы деректер келтірілді.

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушілердің бірінің денесінен 19, ал екіншісінен 47 тыртық анықталған. Балалардың бірі сотта өзін кілемге орап, үстінен секіргендерін, соның салдарынан ауыр жарақат алып, кейін бірнеше операциядан өткенін мәлімдеген. Нәтижесінде оған мүгедектік тағайындалған. Прокурор сотта кәмелетке толмағандардың айғақтары кешенді психологиялық сараптама қорытындыларымен толық расталғанын айтты.

Сарапшылардың пікірінше, оқиғаларға дейін балаларда психикалық ауытқулар болмаған, ал кейін психологиялық бұзылыстар қалыптасқан. Ал қорғау тарапы тергеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеп, айыпталушылар өз кінәларын мойындамағанын жеткізді. Отағасы балаларға ешқашан күш қолданбағанын айтып, тергеу кезінде өзіне қысым көрсетілгенін алға тартты.

Сот үкімімен отағасы Аян Исабаев бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның жұбайы Әлия Исабаева 10 жылға сотталды. Ал олардың қызы Наурайым Исабаеваға 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот әрбір жәбірленушінің пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушылар апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі