Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті өршіп, 80 адам қайтыс болды
Эбола вирусының өршуі салдарынан Конго Демократиялық Республикасы-ның солтүстік-шығысындағы Итури провинциясында 80 адам көз жұмды.
Бұл туралы 15 мамыр күні елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ауру аймақтағы ауыр гуманитарлық ахуал мен зорлық-зомбылық жағдайында таралып жатыр.
Министр Самюэль Роже Камбаның айтуынша, 14 мамырда жүргізілген зертханалық талдаулар Рвампара, Монгвалу және Буния аудандарында вирустың сегіз жағдайын растаған.
Ведомство дерегінше, қазіргі уақытта Эбола жұқтырды деген күдікпен 246 жағдай тіркелген. Алғашқы жағдай Буния қаласындағы Евангелиялық медициналық орталықта анықталған. Сол жерде қызба, қан кету, құсу және қатты әлсіздік белгілері байқалған медбике қайтыс болған.
Билік қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталықты іске қосып, эпидемиологиялық және зертханалық бақылауды күшейткен. Сонымен қатар, індетке қарсы арнайы топтар шұғыл түрде өңірлерге жіберіліп жатыр.
Africa CDC өкілдері Конго, Уганда, Оңтүстік Судан және халықаралық серіктестер қатысатын шұғыл жиын өткізетінін хабарлады. Негізгі мақсат – шекаралық бақылау мен індетке қарсы шараларды күшейту.
Алдын ала мәліметтер бойынша, анықталған вирус штаммы бұған дейін кең таралған «заирлық» түрден өзгеше болуы мүмкін. Қазір ғалымдар геномдық секвенирлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Эбола вирусын алғаш анықтаған конголық микробиолог Жан-Жак Муембе-Тамфум бұған дейінгі 16 індеттің барлығы дерлік «заирлық» штаммнан туындағанын айтты. Қазіргі қолданыстағы вакциналар мен емдеу тәсілдері де негізінен осы түрге қарсы әзірленген.
Мамандардың айтуынша, індет ошағы Уганда мен Оңтүстік Судан шекарасына жақын орналасқандықтан, халықтың белсенді көші-қоны аурудың өзге елдерге таралу қаупін күшейтіп отыр.
Бұл – 1976 жылдан бері Конго Демократиялық Республикасы-нда тіркелген 17-ші Эбола індеті. Былтыр Касаи провинциясында болған індет кезінде 64 адам ауырып, оның 45-і көз жұмған еді.