Live

«Қорғас ісінің» фигуранты Сергей Ильин қайтыс болды

«Қорғас ісі» бойынша фигуранттардың бірі, тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеген Сергей Ильин қайтыс болды. Бұл туралы журналист Аян Шәріпбаев хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Журналистің айтуынша, Сергей Ильин кезінде атышулы «Қорғас ісі» бойынша айыпталғандардың бірі болған. Оның сөзінше, Ильин мектептен бері таныс, өзгелерге көмектесуге дайын, қаржы саласын терең түсінетін ерекше қабілеті бар адам болған.

«Кейін түрмеге түсті. Азаптауды бастан кешірді. Жаза мерзімін өтеді. Бостандыққа шыққан соң бізге бәрін айтып берді: қалай азапталғанын, қандай схемалар жұмыс істегенін және олардың артында кімдер тұрғанын баяндады», – деп жазды Шәріпбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, Ильин тергеуге көмектесуге және істі соңына дейін жеткізуге дайын болған. Алайда кейін оған қойылған «шизофрения» диагнозы оның көрсетулерін күмәнді етіп көрсетіп, айтқандары ескерусіз қалған.

Журналист марқұмның өлер алдында қатты шаршағанын айтып, елден кеткісі келетінін жеткізгенін де жазды. Оның сөзінше, Ильин өзін ешкім тыңдамайтынын айтып, жақын арада қайтыс болуы мүмкін екенін де меңзеген.

Ресми мәлімет бойынша, Сергей Ильин жүрек талмасынан көз жұмған.

Айта кетейік, Ильин мәлімдеген азаптау оқиғалары Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігін (қаржы полициясы) Қайрат Қожамжаров басқарған кезеңге қатысты. Ал «Қорғас ісі» бойынша тергеуді сол кезде Қожамжаровтың жақын серігі саналатын Олеся Кексель жүргізген.

Қазіргі таңда Қожамжаровтың бұрынғы жақтастарының бірқатары құқық қорғау органдарының назарында. Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның бұрынғы басшысы Талғат Тәтубаев қамауда отыр. Ал бұрынғы арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Олеся Кексель үйқамақта. Екеуі де Қожамжаровтың жақын серіктері ретінде аталады.

Сондай-ақ қаржы полициясының бұрынғы қызметкері Талғат Махатов кеден қызметкері Медет Жамашевті өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен сотталып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған. Бұрынғы ҰҚК департаментінің басшысы Ирлан Әбдірахмановтың мәліметінше, Жамашевтің өлімі қаржы полициясы басшылығының ықтимал заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатымен байланысты болуы мүмкін.

2025 жылдың шілдесінде Бас прокуратура Қожамжаровтың бұрынғы командасына қатысты дәлелдерді жинау жалғасып жатқанын мәлімдеген болатын. Кейін оның бұрынғы қарамағындағы бірнеше тұлғаға қатысты қылмыстық істер қозғалып, сот үкімдері шықты.

Ал Қожамжаровтың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарағанымен, оның процессуалдық мәртебесі жөнінде ресми органдар нақты мәлімет берген жоқ.

Сайт Әкімшілігі