Коронавирус таралып жатыр ма? Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Коронавирус таралып жатыр ма? Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Ресейде коронавирустың "Стратус" штамы өршіп жатқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресейде COVID-19 жұқтырғандар саны күрт көбейгені туралы хабарламалар тараған. Кейбір мәліметтерде адамдардың тұтас отбасымен бірнеше апта бойы ауырып жатқаны, ал жекелеген науқастардың ауруханаға жатқызылғаны айтылған.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елдегі коронавирус инфекциясына қатысты жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың 247 жағдайы тіркелген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 есе аз. Былтыр осы уақыт аралығында 942 адамнан коронавирус анықталған.
Комитет Қазақстанда коронавирустың "Омикрон" нұсқасына жататын XFG желісі, яғни "Стратус" таралып жатқанын растады. Алайда мамандар бұл жаңадан пайда болған вирус емес екенін атап өтті.
"Бұл нұсқа Қазақстанда бұрыннан анықталып келеді және жаңа вирус болып саналмайды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазіргі коронавирус нұсқалары халық денсаулығына қосымша қауіп төндірмейді", – деп хабарлады комитет.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары COVID-19 және басқа да респираторлық инфекциялар бойынша жағдайды апта сайын бақылап отырғанын мәлімдеді.
Дәрігерлер тұрғындарға қолды жиі жуып, бөлмелерді желдетуге, аурушаңдық артқан кезеңде адам көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеуге кеңес береді.
Ал респираторлық инфекция белгілері байқалған жағдайда бетперде тағып, айналадағы адамдармен байланысты азайту ұсынылады. Денсаулық жағдайы нашарлаған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет.