спорт

Көшпенділер ойыны: басы – береке, аяғы – бәсеке

2026 жылы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті.

Фото: Ақорда

 Байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімі 31 тамызда Бішкектегі су жаңа «Бішкек Арена» стадионында өткен. Қала әкімдігінің мәліметінше, ашылу салтанатын 30 мыңнан аса көрермен тамашалаған.

Ұйымдастырушылар берген ақпаратқа сенсек, турнирге 113 елден жиналған 3 мыңнан аса спортшы қатысқан. Спортшылар көкпар, күрес, садақ ату, арқан тартыс, құсбегілік, жамбы ату, бәйге, асық ату, аударыспақ сияқты 43 спорт түрінен жарыстар өтті. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда өткен ойындарда 21 спорт түрі ғана болған. Демек, биыл қырғыздар жарыс бағдарламасын біршама толықтырған сияқты.

Биылғы Көшпенділер ойынына Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка құрлықтарынан спортшылар келіп қатысты. Тіпті мұхит асып келген америкалық ковбойлар көкпар тартып, бәсекенің көрігін қыздырғанын айта кеткен жөн.

VI Көшпенділер ойыны тарихтағы ең көп мемлекет қатысқан жарыс болды. Мысалы, Астанада өткен турнирде 89 елдің спортшысы өнер көрсеткен. Ал 2014 жылы өткен алғашқы жарысқа небәрі 19 мемлекеттің спортшысы қатысқан. Осы дерекке қарап, Көшпенділер ойынының ауқымы артып келе жатыр деп санайтындар көп. Бірақ жыл сайын болатын дау-дамай мен түрлі келеңсіздіктер турнирдің болашағына күмән туғызатыны жасырын емес.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны әр екі жыл сайын өтеді. 2014 жылдан бері 6 мәрте өтті. Алғашқы 3 турнир – Қырғызстанда, төртіншісі – Түркияда, V ойындар – Қазақстанда өткен. Биыл қырғыздар бұл жарысты төртінші рет қабылдап отыр. БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, ойындарды өткізуге бюджеттен 336 млн сом (1,7 млрд теңге) бөлінген. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 61,3 млн сом (319 млн теңге). Салыстыру үшін айтсақ, Астанада өткен Көшпенділер ойынына бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл тұрғыда қырғыздар тиімді жұмыс атқарған сияқты.

Биылғы Көшпенділер ойыны ерекше ашылу салтанатымен есте қалды. Орталық Азиядағы ең ірі стадион атанған «Бішкек Аренада» өткен салтанатты рәсім әлемдік БАҚ-тың назарын аудара алды. Көпшілік рәсімде «заманауи технология мен дәстүр үйлесім тапқанын» жарыса жазып жатыр. Әсіресе стадионға атқа мінген шабандоздардың шыққаны өте әсерлі болды. Айтпақшы, ашылу салтанатына Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне жиналған 17 мемлекеттің президенті қатысты. Олардың арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болды.

Бішкекке барып, Көшпенділер ойынынан ақпарат таратқан спорт журналисі Аслан Қаженовке хабарласып, дүбірлі дода қалай ұйымдастырылғанын сұрадық.

«Көрші Қырғыз елінде ұлттық спорт жанкүйерлері тағатсыздана күткен Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аяқталды. Жарыс өте жақсы ұйымдастырылды. Әсіресе ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Жаңа стадион көпшілікті таңғалдырды, Орталық Азиядағы ең үлкен стадионда керемет ашылу салтанаты өтті. Содан кейін Ыстықкөл аймағында, нақтырақ айтқанда, Шолпан-Ата және Қырчын елді мекенінде 40-тан аса ұлттық спорт түрінен медальдер жиынтығы сарапқа салынды. Доданың ұйымдастырылуына жалпы жақтан жақсы баға беруге болады. Әрине, жарыс барысында кейбір олқылықтар болды. Оны ұйымдастырушы тарап ескеріп отырғанын айта кеткен жөн. Әлемдік жарыс болған соң ондай кемшіліктер болып тұрады деп ойлаймын.

Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті, 32 алтын медаль алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Көшпенділер ойынын ұлттық спорттарды жаңғыртып, көшпелі халықтардың рухын оятуға тың серпіліс беретін маңызды іс-шара деп есептеймін. Келесі жарыс көрші Ресейде, нақтырақ айтқанда, Татарстан астанасы Қазан қаласында өтетін болды. Жарыс оған дейін Қазақстанда, Түркияда өтті. Қырғызстан бірнеше мәрте қабылдады. Бұл жоба өзінің маңыздылығын, туысқан мемлекеттер үшін қажет екенін дәлелдеді деп ойлаймын», – дейді Қаженов.

Қазақстан қалай өнер көрсетті?

Қазақстан құрамасы биылғы ойындарда жалпы 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы сияқты спорт түрлерінен олжа салды.

Атап айтқанда, қазақ спортшылары аударыспақтан – 4, садақ атудан – 2, аңшылықтан – 4, тоғызқұмалақтан – 4, мангаладан – 2, самбодан – 1, армрестлингтен – 7, ат жарыстан – 5, арқан тартыстан 3 алтын медаль алды.

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ал екінші орын жарыс қожайындарына бұйырды (30 алтын, 35 күміс, 19 қола медаль). Үздік үштікті 7 алтын, 8 күміс, 21 қола медальге қол жеткізген Ресей спортшылары түйіндеді. Төртінші және бесінші сатыға Моңғолия (5 алтын, 3 күміс, 13 қола) мен Өзбекстан (4 алтын, 4 күміс, 11 қола) жайғасты. Бірақ командалық есепке қатысты дау шықты. Ол туралы сәл кейін айтамыз.

Алтын медаль алған спортшылар арасында 51 жастағы садақшы Аяш Қабдоллаева да бар. Ең қызығы, 30 жыл бойы педагогика саласында еңбек еткен Қабдоллаеваның садақ атумен айналысып жүргеніне бір жыл ғана болыпты. Осы аралықта ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алып үлгерген. Мергеннің жаттықтырушысы – келіні Ажар Төлеуханова екен. Қабдоллаева садақ атуды келінінен үйреніп, бірнеше халықаралық турнирде топ жарған. Осы жолы 60 метр қашықтықтан «Пута» нысанасын көздеуден сынға түсіп, алтын медаль алды. Финалда қырғыз спортшысын жеңді.

Көкпардан кім мықты?

Көшпенділер ойынының көрігін қыздыратын, жанкүйер қауым асыға күтетін басты спорт – көкпар. Бұл сында Қазақстан мен Қырғызстан арасында бітіспес бәсекелестік бар. Тіпті ел екі спортшылары арасында көкпарға қатысты үлкен дау бар екенін білеміз. Ол – көкпар қазандығына қатысты дау. Екі жақ осы мәселеде бір тоқтамға келе алмады. Қазақстан алаңға шеңбер сызуды ұсынса, қырғыздар биік қазандық орнатқанды жөн көреді. Ақыры екі елдің федерациясы өз дегенінен қайтпай, қазақтар көкпар, қырғыздар көк бөрү ойнап жүр.

Осыған байланысты Көшпенділер ойынының жарыс бағдарламасына көкпар мен көк бөрү қатар енген. 2024 жылы Астанада көкпардан екі финал өтіп, екі финалда да Қазақстан мен Қырғызстан көкпаршылары кездескен. Сөйтіп, жарыстың қазақша нұсқасында – қазақтар, қырғызша нұсқасында – қырғыздар жеңіске жеткен.

Көкпар мен көк бөрүнің қазандықтан өзге де бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден, көкпарда 20 минуттан екі тайм, көк бөрүде 15 минуттан үш тайм ойнайды. Екіншіден, көкпарда серкенің салмағы – 35 келі, көк бөрүде – 30-32 келі. Үшіншіден, көкпарда ойын алаңының ұзындығы – 220 метр, ені – 70 метр, көк бөрүде ұзындығы – 210 метр, ені – 80 метр. Көкпар мен көк бөрү командасында 12 шабандоз, 8-12 жылқы болады. Алаңда әр жақтан төрт ойыншы өнер көрсетеді.

Қырғызстан әу баста 2026 жылғы Көшпенділер ойынының бағдарламасына көкпарды қоспай, тек көк бөрүден жарыс өтетінін хабарлаған. Бірақ кейін бағдарламаға көкпар қосылды. Биыл да қос финал қазақ пен қырғыз арасында өтті. Екеуінде де жарыс қожайындары жеңіске жетті. Көк бөрү финалы – 12:0, көкпар финалы – 7:2 есебімен аяқталды.

Қазақстандық жанкүйерлер көкпаршыларымыздың Қырғызстанға екі финалда да есе жібергеніне наразы. Көпшілік бұл сәтсіздікке кінәліні жан-жақтан іздеп жатыр. Кейбірі «команда дұрыс жасақталмағанын», тағы бір тобы «біздің құраманың аттары нашар болғанын» айтады. «Қырғыздар қулық жасап, серкенің асығын алып тастады» деп жатқан ағайынды да байқадық. Біз көкпардан неге сәтсіз өнер көрсеткенімізді сарапшыдан сұрадық.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ең басты жарысы – көкпар мен көк бөрү екені анық. Мысалы, қысқы олимпиадада соңғы жарыс күні хоккейден финалдық ойын өтеді. Сол сияқты көкпар мен көк бөрү финалы соңғы күні өтті. Екеуі де өте тартысты командалық ойын. Қазақстан құрамасы екі бағытта да ірі есеп айырмасымен жеңілді. Себеп-салдарын мамандар талқылап жатыр. Бапкерлер құрамы бар, федерация бар, арнайы орталық бар, министрлік бар – бәрі бір қорытындыға келетін шығар.

Ал ойынға келетін болсақ, қастандық жасалды, әділетсіздік жасалды деп айта алмаймын, таза жеңілдік, оны мойындау керек. Яғни біздің елде командалық көкпар кенже қалып жатқаны анық байқалды. Бізде жаппай көкпарға қатты мән беріледі де, командалық көкпар кейінге сырылып қалады. Бұл жеңілістің ең үлкен себебі осы деп ойлаймын. Екіншіден, аттардың да дайындығы өте әлсіз болды. Бұл бәсекеде мәселені 70 пайыз ат шешеді деп ойлаймын. Қырғызстанның аттары өте мықты екенін, мықты дайындалғанын көрсетті.

Алдағы уақытта елде көкпардан лигалар қалыптастыру керек, яғни футболдағыдай трансляция жасап, арнайы ареналар салып, коммерцияландыру керек. Бізде Жамбыл облысының «Әулие Ата» командасы 15 дүркін чемпион болды, елде бір ғана мықты команда бар. Мүмкін ойыншылардың бір облыстың атынан ғана емес, әртүрлі облыстардың атынан шығуға мүмкіндік беріп, клубаралық форматқа ауысу қажет шығар. Қазір әртүрлі нұсқалар қарастырылып жатыр. Көкпаршылар командалармен кәсіпқой келісімшарт жасап, түрлі клубтарға ауысып, салада бәсеке артса, жақсы болар еді.

Көшпенділер ойыны енді екі жылдан кейін өтеді. Биылғы сәтсіздіктен сабақ алып, сол жарысқа дайындалу қажет. Ең бастысы – аттардың дайындығына ерекше мән беріле бастайды деп ойлаймын. Ол үшін атбегілерді ынталандырып, аттардың дайындығына көңіл бөлу керек. Қазір сол мәселе қаралып жатыр. Жігіттер барын салды, біздің көкпаршылар бұрыннан мықты. Алда оң нәтиже болады деп ойлаймын. Ал биыл таза жеңілдік, оған қандайда бір себеп, астар іздеудің қажеті жоқ», – дейді Аслан Қаженов.

Алтын медаль 32 ме, 29 ба?

Жоғарыда біз Қазақстан құрамасы 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын айттық. ҚР Туризм және спорт министрлігі дәл осындай ақпарат таратқан. Бірақ қырғыз тарапының есебі басқаша екен. 6 қыркүйек күні кешқұрым VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ресми сайты медальдер кестесінің мүлде басқа нұсқасын жариялады. Ол бойынша Қырғызстан құрамасы 30 алтын, 29 күміс, 13 қола жүлдемен командалық есепте көш бастаған. Ал Қазақстан екінші орын алған (29 алтын, 16 күміс, 19 қола жүлде).

Осыдан кейін әлеуметтік желіде дау басталды. Қазақтар – оңға, қырғыздар – солға тартып, дау әбден өршіген тұста, ұйымдастырушылар ресми сайттан медальдер кестесін өшіріп тастады. «Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің өзара бәсекесіне емес, ынтымақтастық пен бірлікті арттыруға негізделген. Сондықтан ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медальдік рейтинг пен жалпыкомандалық есеп жасалмайды», – деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.

Бұл да өршіген дауды өшіре алмады. Өйткені ұйымдастырушы тарап соңғы күнге дейін медальдер кестесін жаңартып отырған. Ал Қазақстан алға озып кеткен соң «командалық есеп жасалмайды» дегенді ойлап тапты. Көпшілік мұны «ақылға қонымсыз шешім» деп бағалап жатты.

Бірақ 7 қыркүйекте жағдай қайта өзгерді. Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Аскат Алагозов Көшпенділер ойынында бірінші орынды Қазақстан алғанын хабарлады. «Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдерін есепке алу туралы шешім шығарды. Соған сай, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан алды. Қазақ бауырларымызды жеңістерімен құттықтаймыз», – деп жазды Алагозов Facebook парақшасында.

Сонымен, бұл дауға да нүкте қойылғандай көрінді. Бірақ былайғы күнде «бауырым, бір туғаным» деп жүрген көшпенділер көкпар бәсекесіне келгенде бір-біріне кіжініп, көрместей болып қызынып кететіні қызық. Бұлай жалғаса берсе, алда әлі талай дау шығып, туысқан елді біріктіруге бағытталған Көшпенділер ойыны араға жік салатын жарысқа айналмасына кім кепіл?..

Қуан Өмірхан

Сайт Әкімшілігі