Live

Кремль Тоқаевтың Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы ұсынысын қолдамады

Кремль Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы қақтығысты реттеуге қатысты ұстанымымен келіспейтінін мәлімдеді.

Фото: Ақорда

 Алайда Ресей тарапы бұл пікірдің өздері үшін тосын болмағанын айтты.

«Тоқаев Украина мәселесіне қатысты бірнеше рет пікір білдірген. Оның бұл мәселедегі ұстанымы тұрақты. Бұл біздің онымен келісетінімізді білдірмейді. Бірақ Қазақстан – біздің ең жақын серіктесіміз әрі одақтасымыз», – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Российская газета» тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Кремль өкілі Ресейдің Украинадағы қақтығысқа қатысты өз ұстанымын серіктестеріне түсіндіруді жалғастыратынын да жеткізді.

«Демек, біз қақтығыстың түпкі себептерін жеткілікті дәрежеде түсіндіре алмағанбыз. Енді мұны екі есе қарқынмен жалғастырамыз. Серіктестеріміз біздің ұстанымымызды білуі керек. Біз оларды өз көзқарасымызбен таныстыруды жалғастырамыз», – деді Песков.

Ал Украина Сыртқы істер министрлігі Тоқаевтың соғысты тоқтату қажеттігі туралы мәлімдемесін құптады.

«Президент Тоқаевтың соғысты тоқтататын уақыт келді деген мәлімдемесін құптаймыз. Бұл – шынайы, дер кезінде айтылған және салмақты үндеу. Украина қазіргі майдан шебінде ұрыс қимылдарын тоқтатып, дипломатиялық реттеуге көшуді ұсынды. Алайда Кремль бейбітшілікке бастайтын бұл айқын жолдан бас тартып отыр. Путиннің баспасөз хатшысы Тоқаевтың ұсынысын да қабылдамады. Бұл жерде мәселе біреу ғана: Мәскеу шынайы бейбіт ұсыныстарға келісуі үшін оған қысым күшейтілуі қажет», – деп жазды Украина сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Сыбига әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, 25 шілдеде Омбыда Владимир Путинмен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы қақтығысты қазіргі майдан шебі бойынша тоқтатып, «Стамбұл формуласы 2.0» аясындағы келіссөздерге қайта оралуды ұсынған болатын.

Сайт Әкімшілігі