Қоғам

Құқық қорғаушылар Құрылтайда журналистерге қойылған шектеулерді қайта қарауға шақырды

Қазақстандағы құқық қорғау және журналистік ұйымдар Құрылитай ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмыс тәртібіне енгізілген өзгерістерге алаңдаушылық білдірді.

Фото: shutterstock.com

Ұйымдар қауіпсіздік талаптары журналистердің кәсіби қызметін шектеуге себеп болмауы керек деп санайды. Олар Құрылтай басшылығы мен аппаратын БАҚ өкілдерінің жұмыс тәртібін ашық түсіндіріп, іс жүзінде қолданылып жүрген талаптарды ресми құжаттар мен заңда белгіленген нормаларға сәйкестендіруге шақырды.

Белсенділердің айтуынша, журналистер депутаттармен тек арнайы баспасөз орталығында кездесіп, ғимарат ішінде қызметкерлердің бақылауымен ғана жүре алады деген тәртіп енгізілген. Алайда мұндай шектеулер журналистерді аккредиттеу ережелерінде және өзге де ресми құжаттарда нақты көрсетілмеген. Құқық қорғау ұйымдары журналист депутатпен алдын ала келісіп, арнайы белгіленген жерде ғана күтіп, аппарат ұсынған шеңбердегі сұрақтармен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Әсіресе жаңа құрамдағы Құрылтай жұмысын бастаған кезде қоғам депутаттардың ұстанымын, заң шығару барысын және азаматтар мен журналистердің сұрақтарына көзқарасын білуі маңызды.

Ашық үндеуге «Құқықтық медиа-орталық», «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, MediaNet халықаралық журналистика орталығы және Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы қол қойған. Ұйымдар Конституция сөз бостандығына кепілдік беріп, цензураға жол бермейтінін еске салды.

Ал «Масс-медиа туралы» заң журналистерге мемлекеттік органдарға баруға, лауазымды тұлғалармен кездесуге, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, аудио, фото және бейнежазба жүргізуге құқық береді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, қауіпсіздік пен ашықтық бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Сондықтан Құрылтайда қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, журналистердің заңмен қорғалған кәсіби құқықтары да толық қамтамасыз етілуі қажет.

Сайт Әкімшілігі