Live

Құлсарыда 340 оқушының қай мектепте оқитыны әлі белгісіз

Құлсарыдағы №20 мектепке қатысты дау сегіз айдан бері шешілмей келеді. Оқу жылы басталар алдында ата-аналар балаларының қай мектепте білім алатынын әлі нақты білмей отыр.

Фото: Ақ Жайық басылымы

Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы жазды.

№20 мектеп 1993 жылдан бері жұмыс істейді және 300 орынға есептелген. 2023 жылы оның жанына жаңа екі қабатты ғимарат салына бастаған. Жылыой аудандық білім бөлімінің мәліметінше, «СұңқарҚұрылысLTD» ЖШС құрылыс жұмыстарының 99 пайызын аяқтаған.

Алайда аудан билігі мектептегі 340 оқушыны жаңадан салынған «Келешек» мектебіне ауыстыруды ұсынған. Бұған дейін аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова 300-ден астам оқушыға 50 мұғалім ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін, ал қазіргі сынып бөлмелері санитарлық талаптарға сай келмейтінін айтқан.

Ата-аналар бұл шешімге қарсы. Олардың айтуынша, жаңа корпус бастапқыда №20 мектеп оқушылары үшін салынған.

– Үш жыл бұрын балалар жаңа ғимаратта оқиды деген. Енді басқа мектепке көшу керек деп отыр. Онда бұл корпусты не үшін салды? – дейді ата-аналардың бірі Салима Шалабаева.

Тағы бір ата-ана Янги Лауадина сегіз айдан бері нақты жауап ала алмай жүргендерін айтады. Анаргүл есімді тұрғын болса, балаларды басқа ортаға ауыстыру олардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

Ал Атырау облыстық білім басқармасы жаңа ғимараттың құрылысы әлі толық аяқталмағанын хабарлаған. Басқарма мәліметінше, нысан пайдалануға берілсе, балалар сол ғимаратта оқуы мүмкін.

Осылайша, аудан билігінің бұған дейінгі мәлімдемесі мен облыстық білім басқармасының жауабы бір-біріне сәйкес келмей отыр.

117 ата-ана Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовқа жүгініп, мәселеге араласуды сұраған. Ата-аналар мен Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының кездесуі 31 тамызға жоспарланған.

Сайт Әкімшілігі