Құлсарыда «жайлы мектепке» баратын тротуар салынбай қалған: балалар балшық кешіп жүр
Атырау облысының Құлсары қаласында жаңа оқу жылында 1200 орындық №26 мектеп ашылды. Заманауи кабинеттер, спорт залдары, робототехника бөлмелері, бейнебақылау жүйесі мен полиция бекеті қарастырылғанымен, мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы салынбай қалған.
Жаңбыр жауған күндері мектепке апаратын жол ми батпаққа айналады. Соның салдарынан оқушылар сабаққа жеткенше аяқ киімі мен киімдерін былғауға мәжбүр.
Құлсары тұрғындары мәселені шешуді сұрап, Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовқа үндеу жолдаған.
«Жаңа әрі әдемі №26 мектеп үшін алғысымызды білдіреміз. Алайда бүгін жаңбырдың салдарынан балалар осындай жағдайда мектепке баруға мәжбүр. Олардың мектепке қауіпсіз қатынауы үшін тротуар салып беруге көмектесуіңізді сұраймыз», – делінген тұрғындардың үндеуінде.
Айта кетейік, бұл мектеп құрылысы бұған дейін де қоғам назарын аударған. Өткен жылдың қыркүйегінде құрылыс жұмыстары әлі аяқталмай жатып, мектептің спорт залы шатырының бір бөлігі опырылған.
Сол кезде жобаның операторы Samruk-Kazyna Construction алдын ала мәлімет бойынша мердігер шатырдың бір бөлігіне алты тоннадан астам құрылыс материалын жинап қойғанын, соның салдарынан конструкцияға шамадан тыс салмақ түскенін хабарлаған.