Саясат

Құрылтай депутаттарының өкілеттігі ресми түрде басталды

27 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары ресми тіркеуден өтіп, олардың өкілеттігі күшіне енді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

ОСК-ның XVI отырысына Құрылтайға сайланған барлық депутат қатысты. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес, депутаттың өкілеттігі ОСК оны депутат ретінде тіркеген сәттен басталатынын атап өтті.

ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, бес саяси партиядан сайланған 145 депутат тіркелген:

  • «Әділет» партиясы – 110 депутат;

  • «Ауыл» партиясы – 10 депутат;

  • Respublica партиясы – 9 депутат;

  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 депутат;

  • «Ақ жол» демократиялық партиясы – 8 депутат.

«Сіздердің өкілеттіктеріңіз ОСК тіркеген сәттен басталды. Енді сіздер – елдегі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарысыздар. Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі. Ал Құрылтай депутаты мәртебесі әрқайсыңызға ел мен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Нұрлан Әбдіров.

Отырыс соңында ОСК төрағасы Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

Сайт Әкімшілігі