Латвиялық зейнеткерге Қазақстанда іздеу жарияланды
Қазақстанда шетел азаматы Александрс Макейчикс іздеуге жарияланды. Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталы жазды.
Іздеу парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, биыл ер адам 71 жасқа толады. Іздестіру ісі 5 маусым күні Қостанай облысында тіркелген. Макейчиксті іздестіру жұмыстарын облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz редакциясына Александрс Макейчикстің Латвия азаматы екенін растаған.
Ведомствоның мәліметінше:
«Аталған азамат қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен іздестіріліп жатыр. Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтауға және заңда көзделген шараларды қабылдауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады полиция.