Live

ІІМ қазақстандықтардың деректерін сатушыны іздеп жатыр

ҚР Ішкі істер министрлігі желіде азаматтардың дербес деректерінің тарап кетуі мен сатылуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Фото: Полиция

Ведомство өкілдері тексеру жүргізіліп үлгергенін мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, eGov порталына заңсыз кіру (бұзу) деректері тіркелмеген.

Дегенмен, деректерді сату туралы хабарландырудың өзі назардан тыс қалған жоқ — қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл базаның қайдан шыққанын және жарияланымның артында кім тұрғанын анықтап жатыр.

«Хабарландыруды орналастырған тұлғаны, деректердің шығу көзін, сондай-ақ оларды заңсыз алуға және таратуға қатысы бар барлық адамдарды анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда», - деп хабарлады ІІМ.

Министрлік дербес деректерді қорғауға ел Конституциясымен (21-бап) кепілдік берілгенін еске салып, оқиғаға қатысты қатаң шара қолдануға сөз берді.

«Барлық қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданады. Ешкім де жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды. Бұл жұмыс ІІМ-нің ерекше бақылауында», - деп түйіндеді ведомство.

Айта кетейік, бұған дейін 15 млн қазақстандықтың дерегі тарағаны туралы мәлімет шыққан болатын.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: полиция