МАЭК-тегі төтенше жағдай: зардап шеккен жұмысшылардың жағдайы қандай
Ақтаудағы МАЭК кәсіпорнында екі жұмысшы тұз қышқылымен болған өндірістік оқиға салдарынан зардап шекті.
Олардың қазіргі жағдайы туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімет берді.
Оқиға тұз қышқылын айдау жұмыстары аяқталар сәтте болған. Жабдықты шешу кезінде химиялық ерітінді шашырап, екі қызметкердің беті мен көзіне тиген.
Зардап шеккендер 23 сәуір кешке облыстық көпсалалы аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оларды жедел түрде тексеріп, офтальмологиялық қарау жүргізді. Нәтижесінде екі науқасқа да көздің қасаң қабығының химиялық күйігі диагнозы қойылған.
Дәрігерлердің айтуынша, жұмысшылардың жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп жоқ. Қажетті медициналық көмек толық көрсетілгеннен кейін олар амбулаториялық ем қабылдау үшін дәрігерлер бақылауына жіберілді.
Кәсіпорын өкілдері оқиға болғанын растады. Қазіргі уақытта өндірістегі қауіпсіздік талаптарының бұзылу себептерін анықтау үшін арнайы тергеу жүргізіледі.