Мағауин құлпытасының сыры
Мағауин – қазақтың рухани тарихындағы айрықша реңкті қалыптастырған, ұлттық сананың терең қатпарларына бойлап, ұлт жадын қайта тірілткен ірі суреткер.
Мағауин қаламынан туған әр еңбек – тарихтың шаң басқан қойнауынан аршылып алынған асыл мұра, әр зерттеу – ұлттың ұмыт қалған жоғын түгендеген рухани ізденіс. Ол қазақ ойының кеңістігін кеңейткен сирек тұлғалардың санатында. Әсіресе жыраулардың жауһар жырын, алдаспан рухын Мағауинсіз елестету тіпті мүмкін емес. Ол жыраулар мұрасын жаңғыртып қана қойған жоқ, ұлттық сөз өнеріне жаңа тыныс, өзгеше өрнек, жаңа леп әкелді. Сол арқылы қаншама жас буынның бойына жігер құйылып, санасына өшпес, сөнбес сәуле дарыды.
Мағауин ғұмырының біраз бөлігін, анығырақ айтсақ, 19 жылын елден тыс эмиграцияда өткізді. Әуелі Шығыс Еуропа Чехия, сосын Америка, арада аз уақыт Түркия, онан соң қайтадан Америка.
2025 жылы 10 қаңтарда мұхиттың арғы бетінен жеткен қаралы хабар тұтас қазақ елінің қабырғасын қайыстырып, руханият әлемін мең-зең күйге түсірді. Алайда рухани тұлғалар арамыздан алыстағанымен, оның сөзі, ойы, еңбегі ұлтымен бірге жасаса берері анық. 3 мамыр күні Вашингтон қаласындағы Мағауиннің зиратына құлпытас орнатылып, жазушы есімімен аталатын Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының ресми таныстырылымының өтуі – сөзіміздің нақты дәлелі. Ендігіде жазушыға арнап орнатылған құлпытас пен ашылған орталық – ондағы қаны қазақ, жаны қазақ көзі қарақты оқырманға жұбаныш, тірек, демеу болары хақ.
Америка жерінде жазушыға арнап орнатылған құлпытас пен ашылған мәдени орталық – Мағауин мұрасының географиялық шекараға бағынбайтындығын айғақтағандай. Оның үстіне құлпытас мазмұны мен көркемдік шешімі жағынан да жазушы болмысына сай терең, жан-жақты ойластырылған. Құлпытастың өзі де тұтас бір философиялық мәтін іспетті. Мағауиннің көзіндей асыл, сөзіндей өткір, ойындай терең бұл ескерткіштің әр таңбасы, әр бедері өзіндік мән, мағына арқалап тұр. Жазушының ұлы Едіге Мағауин құлпытас концепциясының мазмұнына арнайы тоқталып, ондағы әр символдың астарында әкесінің бүкіл шығармашылық ғұмыры мен рухани жолы жатқанын атап өтті.
«Бір жылдың ішінде мұнда қаншама қазақ келіп кетті. Көпшілігі бұл жерді киелі орын ретінде қабылдайтынын айтады. Әкеміздің басына келген адамдар әкемізбен сырласқандай күй кешсе деген ниетпен осы құлпытас орнатылды.
Неліктен тау бейнесі таңдалды десеңіз (қызғылт тастан жасалған құлпытастың сыртқы пішіні тау сілеміне ұқсайды – автор.), тау – қазақ пен тұтас түркі жұртының көне тарихының символы, ата-бабамыздың жүріп өткен жолы. Құлпытастың арғы бетінде көне түркі жазуымен бәдізделген тарих көрініс тапқан. Әкем әдебиеттегі жолын жаңа бастаған кезде көне түркі жазуларын аударуға талпынып көрген еді, өмірінің соңында сол еңбегін толық аяқтап кетті. Мұны байырғы тарихымыз десек, таудың бергі жағы өзіміздің бертінгі тарих. Мұнда Шыңғыс хан дәуірінен бастап қазақ ордасына дейінгі кезең бейнеленген. Бұл – әкем әбден терең зерттеп, шығармаларына арқау еткен тақырыптар. Құлпытастың төменгі бөлігіндегі түйелі көш «Аласапыран» романының елесі іспетті. Ал түйелі көштің үстінгі жағындағы мын бір белгі – жыраулардың белгісі. Әкем 1970 жылы жырауларды архивтерден аршып шығарып, қайтадан туған халқымен табыстырған кезде «Алдаспан» дейтін кітап шығарған. Кейіннен ол кітап туралып кетті. «Алдаспанның» бетіне әкем осы белгіні арнайы салдыртқан еді. Мұның мәнісі – арыстан үстінде отырған жырау бұрынғы уақыттағы батыр, әрі сөз ұстаған адам. Арыстанның қолындағы қылыш – алдаспан. «Алдаспан» деген сөз қазір барлық жерде айтылады. Бірақ әкем жырауларды тапқанға дейін ол сөз ұмытылған болатын. Алдаспан деген сөзді де әкем айналымға енгізді. Бұрынғы заманның батырлары қылыш ұстаған болса, әкем жаңа заманда қаламды қылыш ретінде ұстап, ұлтының көмескі тартқан, ұмытыла бастаған тарихын қайтадан қалпына келтіруге тырысты. Әкем көркем әдебиет арқылы, ғылымдағы жаңалықтары арқылы бұрынғы өткенді, кейінгі бізге және алдағы болашақ ұрпаққа жалғады деген мәнде қылыш қалам бейнеледік.
Құлпытастың үстіңгі жағы Күлтегін ескерткішінің бейнесі негізінде жасалды. Тек үстіне қазақтың шаңырағын орнаттық. Ал құлпытастың артында айдың бейнесі және Құраннан үзінді. Мұнда Құранның 68-сүре, 1 аятынан алынып, «қаламға және оның жазуына серт» деген сөз жазылған. Құраннан дәл осы сөздің таңдап алынуы тегін емес, өйткені әкем – әдебиеттегі жолын бастаған кезде қалам арқылы жазған жазуына серт берген адам және сол сертті соңғы деміне шейін бұзбаған адам. Құлпытасқа жазылған осы аятты әкем өзінің «Мен» атты ғұмырбаяндық романының кіріспесі ретінде алған. Өйткені өмірдегі ұстаған негізгі бағыт-бағдары қаламға берген сертімнен таймаймын, оның барлығы қазақтың мүддесі үшін, қазақтың болашағы үшін, кейінгі ұрпақ үшін деген ойға саяды. Әкеміздің басына зиярат етіп келген кісілер қазақылықты сезінсін деген оймен құлпытастың етегіне ою салдырдық. Әкеміз әлбетте жазушы болғандықтан, құлпытастың алдыңғы жағына кітапты айқара ашып қойдық. Онда әкемнің сөздері жазылған», – деді Едіге Мағауин.
Іс-шара аясында таныстырылған «Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығы» да өзгеше тұрпаттағы айрықша мәнге ие бастама. Орталық қазақ руханиятының шетелдегі институционалдық өрісін кеңейтетін маңызды қадам. Әсіресе мұндай орталықтың Америкада ашылуы – қазақ мәдениетінің жаһандық кеңістікке ұмтылуының нақты көрініс іспетті. Орталық құрамында жазушының музей-үйі мен кітапханасы кіреді. Мұндағы негізгі мақсат – Мағауин мұрасын сақтау және оны келешек ұрпақпен сабақтастыру.
«Орталықтың бір бөлігі ретінде әкеміздің музей-үйін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – жазушының қалай өмір сүргенін, бос уақытын қалай өткізгенін көрсету үшін маңызды. Сонымен қатар орталықтың ендігі бір бөлігін кітапхана ретінде ұйымдастыру ойымызда бар. Өйткені әкеміздің өмір бойы жинаған ең үлкен байлығы – кітаптары. О кісі өз кітаптарынан тыс қаншама кітаптар жинады. Бұл Америкадағы қазақтардың ең үлкен кітапханасы болары сөзсіз, енді соны тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырып жатырмыз» – дейді Едіге Мағауин.
Жазушы «Соңғы сөз» деп аталатын өзгеше пішінді шығармасында соңғы демі үзілер алдындағы Алашқа ақырғы аманатын айтады. Міне, былай: «Мен басқа бір сөз айтқым келер еді. Бүгінгі қауымға емес, болашақ ұланға:
«Уа, жаңа өспірім ұрпағым! Алаш ұраны бәрінен де жоғары! Туған халқыңның ұлттық мүддесі бәрінен де биік! Кеуделеріңді көтеріңкі ұстаңдар. Бабалардың бар мұратын берік тұтыңдар. Байырғы мекен, байтақ қонысты сақтаңдар. Ынтымақ, мейірден айрылмаңдар. Аруақтың аманаты ұмытылмасын. Сонда мәңгілік салтанатқа жетесіңдер!» Осыншама ұзақ өсиет айтуға мүмкіндік таппасам, екі-ақ ауыз сөз:
«Қайран Қазақ! Ежелгі ерлігіңді тап! Қасиетіңді қалпына келтір!»
Ақырғы, тәсілім сәтте оған да дәрменім жетпей қалса, міне, алдын ала айтып қойды деп есептеңіз:
«О, Тәңірім! Қазақ елін қолдай гөр!..»
Мағауин бір сұхбатында «елге қайтпайсыз ба?» деген сыңайдағы журналисттің сұрағына орай «Мен бар жерде қазақ бар. Елге жетпей қалған сөзім жоқ, айтылмай қалған сөзім және жоқ» деп жауап беріп еді. Иә, мұндай жауапты Мағауин ғана айта алады, мұндай жауап Мағауинге ғана жарасымды. Өзі қапысыз сенген, өзін төбесіне тұтқан, қысталаң сәттен аман алып шыққан, алапатын асырған Тәңірі ұлы жазушыға туған елінен тыс жерден топырақ бұйыртты. Алайда Мағауин рухы қазақпен бірге жасай берері анық.
А.Ерболова