Әлеумет

Маңғыстауда Каспийдегі оқу-жаттығуда қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салды

26 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті.

Фото : Маңғыстау облысы әкімдігі

Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.

Қаралы жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай депутаттары, қоғам өкілдері және марқұмдардың қаруластары қатысты.

Жиналғандар қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Марқұмдардың рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, қаза тапқандардың отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік, материалдық және өзге де қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қосымша қолдау көрсету үшін бірыңғай қор құрылғанын хабарлаған.

Сол күні Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды.

Еске салайық, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауындағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген соң 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

25 қыркүйек Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Т. РАУШАНҰЛЫ
Тегтер: сарбаз өлімі