Live

Маңғыстауда үйде дайындалған балықтан төрт адам уланып, жансақтау бөліміне түсті

Маңғыстау облысында ботулизмге күдікпен төрт адам ауруханаға түсті. Олардың үшеуі – ересек адам, біреуі – 9 жас 10 айлық бала, деп хабарлайды Lada.kz.

Фото: ашық дереккөз

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, үш ересек адам Мұнайлы ауданынан. Олар облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Ал бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылған.

Алдын ала болжам бойынша, науқастар үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балықтан уланған болуы мүмкін. Балық тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Зардап шеккендердің барлығы оны 17 қыркүйек күні отбасылық басқосуда кешкі сағат 20:00–21:00 аралығында жеген.

Алғашқы белгілер 18 қыркүйек кешке байқалған. Науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте жүгінген.

Мамандардың айтуынша, үйде олардың жүрегі айнып, бірнеше рет құсқаны байқалған. Ауруханаға түскен кезде жағдайлары ауыр болған. Науқастар әлсіздік, бас айналу, жұтынудың және көрудің қиындауы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы мен қосарланып көруі сияқты белгілерге шағымданған.

Қазір төрт науқастың да жағдайы ауыр. Олар өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған. Дәрігерлер оларға уытсыздандыру және симптоматикалық ем жүргізіп жатыр. Сонымен қатар науқастарға ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізілген.

Дәрігерлер тұрғындарды үй жағдайында тағам дайындау және сақтау кезінде санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Сапасы күмәнді өнімдерді тұтынбау және азық-түлікті рұқсат етілмеген жерлерден сатып алмау қажет.

Мамандар әсіресе тез бұзылатын тағамдарды дұрыс дайындап, сақтау маңызды екенін ескертеді. Улану белгілері байқалса, уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралған жөн. Өздігінен ем қабылдауға болмайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: балық улану