Live

Мақтааралдағы зорлық ісі: жәбірленуші тарап қысым көріп жатқанын мәлімдеді

Мақтааралдағы зорлық ісі: жәбірленуші тарап қысым көріп жатқанын мәлімдеді

Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында кәмелетке толмаған қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық ісі бойынша жәбірленуші тарап Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жүгінді. Олар тергеудің тоқтатылуына наразылық білдіріп, қысым жасалып жатқанын мәлімдеді.

9 қазанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында жәбірленушінің заңгері Инга Иманбай қылмыстық істі қайта қарауды талап етті.

"Біз қылмыстық істерді тоқтату туралы заңсыз немесе негізсіз қаулылардың күшін жойып, тергеуді қайта бастауды талап етеміз. Сондай-ақ журналист Жан Ахмадиев пен жәбірленушінің туыстарына жасалып жатқан кез келген заңсыз қысымды тоқтату қажет", – деді заңгер.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 тамызда тергеу органдары зорлау, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу және порнографиялық материалдарды заңсыз тарату баптары бойынша қозғалған істерді қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатқан.

Жәбірленуші тарап 2026 жылғы 28 тамызда прокуратура мен полицияға шағым түсіргенімен, тергеуді тоқтату шешіміне қатысты нақты құқықтық баға ала алмағанын айтады.

Заңгердің мәлімдеуінше, жәбірленуші зорлық-зомбылыққа қатысы бар деп көрсеткен 12 ер адам және оны қанауды ұйымдастырды деп айыптаған туысы әлі бостандықта жүр.

Еске салайық, жәбірленушінің айтуынша, 2024 жылы Мақтаарал ауданында 17 жастағы қыз жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ол өзін қорқытып, басқа ер адамдарға пайдалануға бергенін мәлімдеген.

Бұған дейін полиция қыздың жеке өміріне қатысты бейнематериалдардың таралуы бойынша қылмыстық іс қозғап, бір адамға айып таққан.

Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап істі жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етіп отыр. Құқық қорғау органдарының соңғы мәлімдемелерге қатысты ұстанымы әзірге келтірілген жоқ.

Сайт Әкімшілігі