Марат Байқамұров Абу-Дабидегі Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасының өкілі Марат Байқамұров Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен дзюдодан Grand Slam турнирінде қола жүлдегер атанды.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық спортшы қола медаль үшін өткен кездесуде ресейлік Адам Сангариевті жеңіп, үшінші орынға ие болды.
Турнир барысында Байқамұров алғашқы белдесулерінде Франция мен Кипр спортшыларынан басым түсті. Алайда ширек финалда ресейлік Идар Бифовқа есе жіберді.
Осыдан кейін жұбаныш белдесулерінде күресін жалғастырып, америкалық Даниэль Любимовскиді жеңді. Нәтижесінде қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Абу-Дабидегі Grand Slam турнирін екі қола медальмен аяқтады. Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Талғат Орынбасар да қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық дзюдошы Жалғас Қайролла да аталған турнирде үздік бестікке енген еді.