Live

Мароккодан Испанияға екі апта ішінде мыңдаған мигрант теңіз арқылы жетуге әрекет жасады: 18 адам қаза тапты

Соңғы екі аптада Мароккодан Испанияға заңсыз жетуге тырысқан мыңдаған мигрант Жерорта теңізін жүзіп өтпек болған. Осы қауіпті сапар кезінде кемінде 18 адам суға батып қаза тапты.

Фото: скриншот

Мигранттардың нақты саны туралы мәліметтер әртүрлі. Жергілікті телеарналар олардың саны 2–3 мың адамға жеткенін хабарласа, Испания билігі елге күн сайын шамамен 300 адам заңсыз кіретінін айтады. Ал Испаниядағы Халық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхо заңсыз мигранттардың жалпы саны 40 мыңнан асуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Мигранттар ағынының күшеюіне байланысты құқық қорғау органдары жағдайды толық бақылауда ұстай алмай отыр. Осыған байланысты Марокко мен Испания шекарадағы бақылауды күшейтіп, бірқатар өткізу бекеттерінің жұмысын уақытша тоқтатты.

Сарапшылардың айтуынша, жаппай көшуге Марокко Жоғарғы сотының шешімі туралы жалған ақпараттың таралуы себеп болған. Қылмыстық топтар мен адам тасымалдаушылар халыққа «теңіз арқылы елден шыққан адамды Марокко кері қабылдамайды, ал Еуропа оларды қабылдауға міндетті» деген жалған ақпарат таратқан.

Ал БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасы миграцияның бір ғана себебі жоқ екенін атап өтті. Ұйымның мәліметінше, адамдарды елден кетуге итермелейтін негізгі факторлардың қатарында жұмыссыздық, экономикалық қиындықтар, климаттың өзгеруі және әлеуметтік тұрақсыздық бар.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банктің есебінде Мароккодағы жастар арасындағы жоғары жұмыссыздық пен климаттық өзгерістердің салдары Еуропаға көшуге әсер етіп отырған негізгі себептердің бірі екені көрсетілген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: мигрант