Live

Мәскеу маңында мұнай зауытына жасалған шабуылдан кейін «мұнай жаңбыры» байқалды

Мәскеу облысындағы Балашиха мен Люберцы қалаларының тұрғындары Капотнядағы мұнай өңдеу зауытында шыққан өрттен кейін аспаннан қара күйе мен мұнай өнімдеріне ұқсас бөлшектер жауғанын хабарлады. Жергілікті халық бұл құбылысты «мұнай жаңбыры» деп атап жатыр.

Фото: AFP

18 маусым күні әлеуметтік желілерде Балашиханың Железнодорожный шағынауданы мен көршілес Люберцы қаласынан түсірілген суреттер тарады. Кадрларда автокөліктердің, терезе жақтауларының, киім-кешек пен түрлі заттардың қара түсті затпен қапталғанын көруге болады.

Сондай-ақ көптеген тұрғындар ауада қатты күйік иісі сезілгеніне шағымданған.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды 18 маусымға қараған түні Украина дрондарының шабуылына ұшыраған Мәскеу мұнай өңдеу зауытындағы өрттің салдарымен байланыстырып отыр.

Мәліметтерге сәйкес, бұған ұқсас «мұнай жаңбыры» бұған дейін Ресейдің Туапсе, Пермь, Рыбинск және Рязань қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдардан кейін де байқалған.

Сонымен қатар Мәскеудің экологиялық мониторинг қызметі ауадағы зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормадан аспағанын мәлімдеді. Мәскеу облысының Экология министрлігі де «мұнай жаңбыры» туралы ақпаратты жоққа шығарып, тұрғындар байқаған заттардың кәдімгі күйе шөгінділері екенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Балашихада байқалған бөлшектер пеш немесе от жағылған кезде пайда болатын күйеге ұқсайды. Ресми органдар ауадағы зиянды заттардың концентрациясы артпағанын атап өтті.

Соған қарамастан сақтық шарасы ретінде тұрғындарға мүмкіндігінше үйден шықпау және терезелерді жабық ұстау ұсынылды. Бұл күйе бөлшектерінің тыныс алу жолдарына түсуінің алдын алу мақсатында жасалған.

Тәуелсіз метеорологтардың болжамынша, Мәскеудің шығысындағы аудандарда өрт өнімдері аралас жауын-шашын тағы бір тәулікке дейін жалғасуы мүмкін.

18 маусымға қараған түні Мәскеу мен Ресейдің бірқатар өңірлері Украина дрондарының жаппай шабуылына ұшырады. Мәскеу мэрі дрондардың Мәскеу мұнай өңдеу зауытына соққы жасағанын растады.

Өрт жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 15:00-де толық бақылауға алынған. Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Бұл аталған зауытқа бір апта ішінде жасалған екінші шабуыл болды.

Ал Ресейдің ТАСС агенттігінің мәліметінше, бұл соңғы екі жылда Мәскеуге қарсы жасалған ең ірі әуе шабуылдарының бірі саналады.

Сайт Әкімшілігі