Әлеумет

Масқара: екі айда екі клиенттің өтініші қабылданды

Екі айда екі-ақ клиенттің өтініші қабылдандыБұл – мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «7-20-25» бағдарламасының Алматы облысында жүзеге асырылуы барысындағы «жаңалық».

Jasalash.kz
Мұндай жаңалықты «ашқан» «Халық банкінің» Қарасай ауданындағы филиалының басшысы Бақыт ИБРАЕВА. Оның айтуынша, екі айда екі-ақ өтініштің қаралуына клиенттердің өздері кінәлі көрінеді.-Кейбірінің несиелік тарихында бұзушылықтың бары немесе жалақысының аздығы кедергі болуда.  Қыркүйек айының ортасынан бергі уақытта Қарасай ауданынан 19 миллион теңге көлемінде 2 клиенттің өтініші мақұлданды. Бюджеттік қызметкерлерге беріліп отырған 10 пайыздық жеңілдікті ескерсек, бұл көрсеткіштің арта түсетіндігіне үміттіміз, – дейді Бақыт ИБРАЕВА.Айта кетейік, бұл туралы облыс әкімінің Алматы қаласындағы өкілдігі ғимаратында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ қатысуымен өткен жиында айтылды. Жиынға банк өкілдерімен қатар, алып мегаполиспен іргелес жатқан алты ауданның атқа мінерлері қатысты.Ауданды айтамыз-ау, облыста да бұл бағыттағы жұмыс тым баяу жүруде. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат ТӘКЕНОВТЫҢ айтуынша, осы күнге дейін облыста «7-20-25» бағдарламасы бойынша 82 адам пәтер алуға өтінім берген. Бұл көрсеткіш республика бойынша оныншы орында тұр.Оныншы орын демекші, облыстың бұл бағыттағы жұмыстарының қарқынды жүрмеуіне өңір аймақтарының қақ жартысына таяуы шоғырланған, яғни, Алматы төңірегіндегі алты ауданның тікелей қатысы бар деуге болады. Себебі, алып мегаполистен баспана іздеп сарсылған жұрттың бұл аудандар есігін тоздырмауы тағы мүмкін болмаса керек.Демек, өңірде Елбасы бағдарламасының баяу жүргізілуі шын мәнінде түсіндіру жұмыстарының ақсап жатқандығынан және де екінші деңгейлі банктер жұмысының сылбырлығынан екендігі рас.Мәселен, қазіргі уақытта аталған алты ауданда, соның ішінде Қарасай ауданындағы «Қарлығаш» ықшамауданында 150 пәтерлі үй дайын болса, «Алатау ажары» ықшамауданында 12 пәтердің құрылысы аяқталуға таяу. Іле ауданында 54, Талғар ауданында 50 пәтерлі үйдің құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толығымен аяқталады деп көзделген.Ол ол ма, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Болат НҮСІПБАЕВТЫҢ айтуынша, аталған аудандарда үй салу көрсеткіші тағы да арта түспек.-Келер жылға Талғар, Қарасай аудандарынан 5-10 үй аралығында салу көзделген. Нәтижесінде пәтер саны көбейіп, соған орай таңдау жасау мүмкіндігі артады. Еңбекшіқазақ ауданында 8 үй салуға жер бөлінген. Бағдарлама бойынша пәтер алуға бюджеттік қызметкерлермен қоса басқа адамдар да құқылы. Тек 10 пайыздық жеңілдік бюджет қызметкерлеріне ғана көрсетіледі, – дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Болат Нүсіпбаев.P.S. Егер, елдегі жетекші банк – «Халық Банк» өкілі өтірік айтты демесеңіз, оның сөзінен екі шындықтың төбесі қылтиып тұр. Оның алғашқы біреуі, облыс халқы несие тарихын бұзғыш екені. Бұдан шығатын қортынды, банкке жүгінгіш, неисе тарихын «бүлдіргіш» халықтың әлеуметтік жағдайы төмен деген сөз болса керек. Ал екінші мәселеге келсек, бұл да бірінші түйіткілдің төбесінен түсіретін шындық секілді. Яғни, «Халық банкінің» Қарасай ауданындағы филиалының басшысы Бақыт ИБРАЕВА айтқандай, жалақы аз болу мәселесі. Міне, бұл түйіткілдер шешілмей, тиісінше облыс әкімдігі жақтан бір тиімділіктің  «иісі» шықпай хылыққа арналған «7-20-25» бағдарламасының әкімшіл-әміршіл жетекке жүрмейтіні анық.Фото: zhasalash.kz
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега