Маусымда Ресейдің Украинаға жасаған дрон және зымыран шабуылдары азайды
Маусым айында Ресейдің Украина аумағына жасаған дрон және зымыран шабуылдарының саны мамырмен салыстырғанда айтарлықтай азайды.
Алайда сарапшылар мұны соғыс тактикасындағы ұзақ мерзімді өзгеріс емес, уақытша құбылыс болуы мүмкін деп бағалап отыр.
Францияның AFP агенттігі Украина Әуе күштерінің деректеріне сүйеніп хабарлауынша, маусым айында Ресей Украинаға қарсы 5 749 дрон және 180 зымыран қолданған.
Бұл көрсеткіш мамыр айымен салыстырғанда дрон шабуылдарының 29 пайызға, ал зымыран соққыларының 15 пайызға азайғанын көрсетеді.
Салыстыру үшін, мамырда Ресей Украинаға қарсы 8 150 дрон ұшырған. Бұл – 2022 жылдың ақпанында басталған ауқымды соғыс кезеңіндегі бір айда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Сол айда тағы 211 зымыран шабуылы жасалған.
AFP агенттігіне пікір білдірген украиналық және француз әскери сарапшылары шабуылдардың азаюын жаңа үрдіс ретінде бағалауға әлі ерте екенін айтты. Олардың пікірінше, Ресей күзгі маусым қарсаңында қару-жарақ қорын толықтыру үшін шабуылдардың қарқынын уақытша бәсеңдеткен болуы мүмкін.
Мамандар Мәскеудің әскери стратегиясы өзгермегенін және алдағы айларда дрондар арқылы жасалатын шабуылдардың жалғасу ықтималдығы жоғары екенін атап өтті.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, егер бұл жағдай тұрақты үрдіске айналса, оған Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніндегі ресурстардың азаюы немесе Ирандағы жағдайға байланысты Shahed үлгісіндегі дрондарды жеткізудегі қиындықтар себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар маусым айында Украина да Ресей аумағындағы нысандарға соққыларын күшейткен. Киев мұны Ресейдің шабуылдарына жауап ретінде түсіндіреді.
AFP мәліметінше, Украина негізінен мұнай өңдеу инфрақұрылымына, атап айтқанда мұнай өңдеу зауыттарына, мұнай қоймалары мен порттарға соққы берген. Соның салдарынан Ресейдің кейбір өңірлерінде жанармай тапшылығы байқалған.
Бұдан бөлек, Украина Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне тиесілі кәсіпорындарды да нысанаға алып отыр. Атап айтқанда, Воронеждегі жартылай өткізгіш құрылғылар зауытына жасалған шабуыл туралы хабарланды. Бұл кәсіпорын, соның ішінде, «Искандер» зымырандарына арналған электрондық жабдықтарды өндіреді.