Қоғам

Мәжіліс ҰҚШҰ аясындағы әскери ынтымақтастыққа қатысты хаттамаларды мақұлдады

Мәжіліс Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясындағы екі халықаралық құжатқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ратификациялады.

Фото: ашық дереккөзден

Атап айтқанда, депутаттар 2010 жылғы ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрылымдарының мәртебесі туралы келісімге және 2015 жылғы ұйымға мүше мемлекеттердің әскери және өзге де құрылымдарын, олардың жылжымалы мүлкі мен әскери мақсаттағы өнімдерін тасымалдау саласындағы ынтымақтастығына қатысты келісімге енгізілген түзетулерді мақұлдады.

Мәжілістің мәліметінше, өзгерістер негізінен нақтылау сипатында болып, құжаттардың ережелерін ҰҚШҰ-ға мүше елдердің ұлттық заңнамасы мен ұйымның нормативтік-құқықтық базасына сәйкестендіруге бағытталған. Бірінші хаттама аясында ұжымдық қауіпсіздік күштері құрылымдарын басқару, олардың міндеттерін орындауы үшін тасымалдау және транзит мәселелерін жедел қарау, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің аумағында олардың қызметіне қажетті жағдай жасауға қатысты нормалар жаңартылды. Ал екінші құжат әскери және басқа да құрылымдарды, олардың мүлкі мен әскери мақсаттағы жүктерін тасымалдау тәртібін жетілдіруге бағытталған.

Түзетулер төтенше жағдайларда немесе бірлескен оқу-жаттығулар кезінде қажетті күштер мен құралдарды жедел жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді. Заң жобалары енді әрі қарай қарау үшін Сенатқа жолданады.

Сайт Әкімшілігі