Қоғам

Мексикада мұғалімдер футболдан әлем чемпионатының ашылу рәсімін тоқтатуы мүмкін

Мексикада жүздеген мұғалім еңбек жағдайын жақсарту және жалақыны көтеру талабымен жаппай наразылық акциясына шықты.

Фото: ашық дереккөзден

Ереуілшілер талаптары орындалмаса, футболдан әлем чемпионатының алғашқы матчтарын өткізуге кедергі келтіретіндерін мәлімдеді. Наразылық шарасы ел астанасы Мехикодағы Конституция алаңында өтті. Үкімет ғимараттарының маңына жиналған педагогтер әйгілі футболшылардың алып мүсіндерін құлатып, олардың киімдерін шешіп, өртеген.

Сондай-ақ көшелерге жанған футбол доптарын шашып, қарсылық акциясын ұйымдастырды. Тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін полиция резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданған. Салдарынан бес адам жарақат алды. Олардың бірі көзінен айырылғаны хабарланды. Жаппай толқуларға байланысты Мексика президентінің испандық шенеуніктермен жоспарланған кездесуі кейінге қалдырылды.

Қазіргі уақытта билік өкілдері мен наразылық білдірушілер арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда мұғалімдер жалақыны көтеру туралы талаптары орындалмайынша митингілерді жалғастыратынын және әлем чемпионаты ойындарының өтуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі