Руханият

Менің Әбе-ағам (Әдеби эссе)

Алыстан көрсең, белес-белдерден жүгін аудырмай, шалғай көштің жолында салқам жүрісімен паң басатын сахара көшінің шаңырақ салар атанындай кесек пошымды, жанына келсең буырыл жалы бұрқырап, арыстандық айбатпен мысыңды баса қарайтын бұл дегдар қазақты алғаш рет қашан, қай жерден көрдім екен?! Мүмкін, екі мыңдықтың басында – атамекенге оралған соң, әлдебір орайы келе қалғанда, «Жас Алаштың» ескі мекенжайына бас сұққанда көрген шығармын.

Фото: Әмірхан Меңдеке

 Жаны жақын дос ағам Сағатбек Медеубекұлының «Әмірхан Меңдекеге баруым керек» деген сөзін ести салып, ардың-күрдің ілесе кеткенім есімде. Иә, бардым, Сақаңның жетегінде имене сәлем бердім. Сөз екеуінің арасында өрбіді... Бұл тек қана сәлем беру көлемінде қалды. «Мен сізді бұрыннан білем» деп мен айта алмадым, «Қай баласың?» деп ол кісі де сұрамады. Мүмкін, газет жұмысының қарбаластығы шығар. Менің ұғымымдағы танысу, білісу – жанның жақындасуы, көзқарастың алмасуы, былайша айтқанда, қазақи ортада өскен біз үшін бірге тумасақ та, рухымыз, діліміз, жанымызбен бірге туғандай ағалы-інілі боп кету.

Содан бірталай жыл өткенде, бертінде Бауыржан Әлқожа деген ақын інім бір әңгіме үстінде «Әмірхан аға сізді мақтап жүр» дегені бар. Алғашында, інінің әдепкі әзілі шығар деп ойладым. Кейіннен рас та шығар, барсам, таныссам деп қиялдадым. Бірақ Әмірхан Меңдеке деген десі басым сыншы «Мұрат Шаймаран болсаң қайтейін?!» десе, екі тізем дірілдеп жасып қалам ғой деген төменшік ой оған жібермеді. Иә, дәл солай ойлағаным рас. Мен үшін өлең киелі, оның Абай төрінде отырған ақ ордасы кағбам еді. Әлдебіреулер желбуаз мақтан қып айтатын «есігін теуіп кіру» маған жат ұғым болатұғын. Сондықтан болар, әдебиеттің жаратылысы мен сипаты, бүгіні мен болашағы қақында кесімді ойлар айтып жүрген, кесек мінезді сыншының алдына бара алмау, жүрексініп алыстап жүру мен үшін сөлекет те сезілмеген.

Сондай күндердің бірінде, 2022 жылдың сәуір айында көрнекті ақын Светқали Нұржанның «Көкірегім – көне кітап» жыр жинағын талқылау үшін Абай телеарнасының «Үркер» бағдарламасына қатысуға тура келді. Түсірілім бітіп шығып келе жатсам, келесі бір бағдарлама үшін сарапшы болуға қарсы алдымда таудай боп Әбекең, Әмірхан Меңдеке келе жатыр екен. Аралықтағы жиырма метр қашықтық жақындағанша менің басымнан не ойлар өткенін тілмен жеткізу тым қиын болар. Тек білгенім – тәукел етіп сәлем бергенім, сойымды айтқаным... «Туу, Шаймаран, сен қайда жүрсің? (Мұрат демей, Шаймаран дегені Жәркен ағамды бірден есіме салды) мен сенің өлеңдеріңді дәптеріме көшіріп жазып алам ғой... Хабарлас», – деді де түсірілімге асығып кіріп кетті. Өзі де Алматының кептелісінен кешігіп келе жатқан сыңайлы. «Сен қайда жүрсің?» мен үшін тым аяулы ыстық сөз. Бұл сөз – сені шын мәнінде іздеген, сені жанына жақын тұтқан адамның ықылас пен мейірімге толы сөзі! Мұндай сөзді мен осы топыраққа келгеннен бері екі адамнан естідім. Бірі – қазақтың ұлы ақыны Есенғали Раушанов, енді бірі – осы Әбе-ағам! Есағам «іздемедің, арнайы келмедің маған» деген ренішімен айтты. Есімде бәрі: 2019 жылдың қыркүйек айында Астанада өткен Азия жазушылар форумында Есағам иығымнан қапсыра құшақтап тұрып: «Сені әлі Қытайда екен деп жүріппін, қайда жүрсің, сен бала?», – демесі бар ма? «Бармыз, аға, жүрміз ғой...» деп күмілжігенім есімде. Үш күнге жалғасқан сол форумда Есағам мені бауырына қатты тартып жүрді. Қайран ақынның шын пейілі аспандатып-ақ тастаған еді мені...

Фото: Әмірхан Меңдеке

Ал Әбе-ағам әзілсіз, өкпе-назсыз айтты «сен қайда жүрсіңді». Менің білуімше, «сен қайда жүрсің?» деген сауалды туындатып отырған – біздің арғы беттегі әдеби ортаның мінезі. «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол! Кішіпейіл бол! Мақтанба!» деген тыйымдар. Бұл данышпан Абай айтатын «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген тәлімге саяды. Десе де, бұл дағдының кейде бізге аздап кері әсерін тигізіп жатуы да мүмкін ғой...

Сол кездесуден кейін Әбе-ағаммен жақын араласа бастадым. «Жасыл түн» деп аталатын жыр жинағым туралы «Үркер» бағдарламасындағы түсірілімге шақырдым. Әбе-ағам бірден келісті. Менің шығармашылығыма жоғары баға берді. Кейіннен ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде бірге сабақ бердік. Асқар таудай көретін Әбе-ағам бүгін қасымда, сырлас, ниеттес боп жүріп жатырмыз.

Адам баласында кейде қызық, таңғажайып, өзі де байыбына бара алмайтын түйсіктер болады. Ол түйсіктер санаңа сан сауалмен келеді. Мендегі сондай түйсіктердің бірі – Әбе-ағамды бұрыннан, тіпті сонау бозбала шақтан, тағы бір сөзбен айтқанда, қолыма қалам алып, ақ қағаз бетіне өлең тілінде бірдемелер жаза бастағаннан танитын сияқтанып тұруым. Жай, жүрдім-бардым тану ғана емес, мұны үлкен ойларға, тағылымды танымдарға жетелейтін, даңғыл көкірек, парасатты ағаға деген ізгі ниет, шын құрмет деп ұққан жөн. Сондайлық ыстық ықыластың әсері ме екен, кейде Әбе-ағам менімен шекараның арғы бетінде де бірге жүргендей, ақтарыла сырласқандай, інім деп құшағына қысқандай сезіле береді. Расында, мен Әбе-ағаммен – қазақтың аса көрнекті сыншысы, публицисті – Әмірхан Меңдекемен ежелден жақын екем. Бұл жақындық былай басталыпты.

Ол кезде жас едік, әдебиетке аңсарымыз ауып, аңқамыз кебе шөлдеп жүретін кезіміз. Сол ұлы шөлдің сарығын басу үшін қолымызға түскен әдеби кітаптар мен газеттерді күні-түні ақтаратынбыз. Іздегеніміз – Абай атам айтатындай, «...Тас бұлақтың суындай» қайнары таза, нәрі мол тұнық дүниелер болатын. Ол кез деп отырғаным – шекараның арғы бетінде өткен жалыны мол жасампаз жылдар еді. Қытай мен Қазақстан шекарасы енді-енді ашыла бастағанда, барған-келгеннің қоржынынан сарқыт емес, кітап іздейтін әдетіміз де бар-тұғын.

Фото: Әмірхан Меңдеке

Шыны керек, біз тұшынып оқитын дүниелерге зәрулікпен өстік. Бұл туған топырақта саусаққа ілігерлік кәделі дүние жоқ дегендік емес, қайта әдебиетке аңсары кеткен шәкірттің оңаза талабын қанағаттандыруға көп дүниенің тапшы бола беретіні еді. Елуінші, алпысыншы жылдардың аға буындарының жәдігердей сақтап қалған топаны аз кітаптары болмаса, қолымызға қазақ һәм әлем әдебиетінің сүбелі дүниелері түсе бермейтін. Десе де, тастай қараңғы түнде жанды елітіп, көңіл көзін сиқырлы сәулесімен арбай беретін таңғажайып нұрдай дүниелер де болды. Ол – біз оқыған Іле педагогикалық университетінің кітапханасына үзбей келіп тұратын «Қазақ әдебиеті» газеті және «Жұлдыз», «Жалын» секілді әдеби журналдар. Қазіргідей әлемжелінің заманы қайда ол кезде. Атамекендегі әдеби хал біз үшін мұхиттың ортасындағы сырлы аралдай жат һәм таңсық сезілетін.

Әдебиет әлеміне жол алған талапкер үшін осы таңғажайып өнердің қыры мен сырын, болмысын және өткені мен болашағын айқындап беретін қаламгер қауымның жасампаздық шеберлігін, даралығын, дарынын таразылайтын әдеби сын екені түсінікті. Біздің заманның жазармандары да бұны жақсы сезініп, мүмкіндігі жеткенше әдеби сындарды қалдырмай оқитын. Ол кезде біздің қолымызға Есмағамбет Смайылов, Зейнолла Қабдолов секілді санаулы сүлейлердің «електен өткен», социалистік реализмге адал деп танылған шығармалары ғана баратын. Десе де, бұл дүниелер біздің санамызға өзінің жарығын түсіріп, қараңғыда жатқан көп ойларды түртіп оятқаны да шындық.

Егерде біреу менен, тіпті біздің буыннан, замандастарымыздан «ең есте қалар бақытты кезеңің қайсы?» деп сұраса, сөзсіз Қазақстанның тәуелсіздік алған мезетін айтар едік. Қазақ елінің тәуелсіздігі арғы бетте – қытай әмірінде күн кешіп жатқан біз үшін баға жетпес құндылық, көкірек керген мақтаныш, тауаны шағылмас сенім болғаны рас. Тегеуріні қатты кеңестер одағындағы коммунистік жүйенің шаңырағы шайқала келіп, ортасына түсті. Қазақстан бостандығын алып, демократиялық жолға қадам басты. Бұл еркіндіктің жұпар атқан самалы ең алдымен руханияттың кеңістігіне желпіне кірді. Жұмақ самалындай сол қасиетті самалдың асыл лебі адами болмысқа қарсы құрылған қатыгез жүйенің салмағынан тұншығып жатқан бізге де жетті. Мейлі, үзік-үзік, там-тұмдап болса да...

Сондай күндердің бірінде, келесі аптада шығатын газеттің әдеби бетін тексеріп отырғанымда (мен ол кезде атпалық «Күйтүн» газетінде әдебиет бөлімінің редакторы едім) кеңсе телефоны шыр ете қалды. Арғы жағында тұрған ақын, сыншы ағам Ыдырыс Әділхан екен.

– «Қазақ әдебиетінің қасіреті неде?» деген мақаланы оқыдың ба?

Мен оқымағанымды айттым.

– Оқуың керек! – деді ағам бұйыра сөйлеп, – Біздің университеттің кітапханасына түсті, студенттердің бірінен беріп жіберем. Көшірме жасап ал. Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1997 жылғы 28 қаңтар күнгі саны қолға тиді. Авторы Әмірхан Меңдеке. Аталмыш мақала көлемді, бірінші беттен басталып, жалғасы 6-7 беттерге дейін көсіліп жатыр екен (Сөйтсек, мақала мұнымен бітпепті. Газеттің келесі санының 6-7 беттерінен жалғасын оқыдық).

Әлдебір танымал жазушының өлімінен және сонда сөйленген қаралы сөзден бастапты автор. Өмір мен өлім, жалған мен ақиқат, қоғам мен адам, одан алқи келе адам жанының жаратылысы, сипаты... Осы құбылыстардың қоғамдық құрылым мен жүйеге ықпалы жайында біздің қасаңданып, сіріленіп кеткен ұғымымызды тас-талқан ететін бөлек философия, терең таным, санаңды сілкіп алар алғадай ой, кесек те кесімді көзқарастар айтады. Бастапқыда «Құдай-ау, сыншы деген бірден шығарма туралы, әдебиет хақында айтпай ма екен..?» деген дүдәмал күдікті ойда қалғаным да рас. Олай ойлайтынымның себебі – біз де соцреализмнің бастауына бас қойып, адам жанына, табиғатына үңілудің орнына, қоғамдық үгіт-насихатқа бой алдыра бастаған бота тірсек, бозбаламыз ғой, сол шақтарда.

Десе де, мақала мысқалдап сіңіп, санамызға батпандай ауыр салмағын түсіре бастады. «...Шақалақтың, Абайдың, Ғазнауидың, Жанақтың адам жанының тұрлаусыздығына байланысты айтқандарын «Қайтсін-ай, феодализмде өмір сүргеннен кейін...» деп әлгі ойлардың сыры мен себебін қоғамнан іздеуге, қоғамнан табуға тырысу – болымсыздың ісі, өнбестің тірлігі. Жалпы, қоғамға қарап адамның жан дүниесін түсіндіру, қоғамға қарап адамның болмысы мен табиғатын ашу – ақиқаттың ауылынан алыстатып алып кететін қиыс жол.»

Рас-ау! Кемел заманның мінсіз, бақытты һәм данышпан кейіпкерлері біздің әдебиетте де болды. Отан үшін, коммунизм үшін от кешкен батырлар, көсем үшін, оның «қасиетті тағылымы» жолында жан аямас «Құрыш адамдар» қағаз бетінде де, маңымызда да өріп жүрді. Бірақ біз адам жаратылысы, жаны, құндылығы деген ұғымды ұмыттық. Ұмыттық емес, оған үңілуге, жазуға шамамыз жетпеді. Өресі жеткен таланттарды «пиғылы жат» деп шетке айдадық. Байқасам, сыншы жоғарыдағы, яғни өмір мен өлім, сәттік ғапыл дүние, мәңгілік ақиқат турасында бекерге ой толғамапты. Бұл ұғымдардың ішінде адам жанының жатқанын, әлеуметтік деңгейге көтеріп жүрген қызыл қырман қайшылықтардың себепкері – Тәңірдің мың алуан мінезді, сан жұмбақты адам деген туындысы екенін аңғарғандай болдық. Тағы бір сөзбен айтқанда, қоғамның сипаты мен мінезін адам болмысы, адам табиғаты, адам тәрбиесі, адам санасы айқындайтынын сездік. Иә, қоғамның бойындағы ұлғаусар қайшылық, меңдеген дерт, ең алдымен, бізден – адамдардан туындап, уытты ісікше бүкіл ғаламға жайыла бастайды екен. «Балталасаң бұзылмайтындай боп әбден орнығып алған әдеби схема бойынша, қазақ қаламгерлерінің дені адам жанының қайшылығын қоғамнан, қоғамның қайшылықтарынан іздейді. Біздіңше, қазақ әдебиетінің үлкен қасіреттерінің бірі де – осы» деген соны ойға жетелейді бізді автор. Бұл қасірет біздің әдебиетке де ортақ еді...

Біз мінсіз, кемел кейіпкерлермен бірге өстік. Соларды үлгі тұттық. Адамның жаны емес, қоғамдағы орнымен (әрине, үгіт-насихаттың қолпаштауымен алған орны) санастық. Адамның ұлы құндылығы үшін емес, белгілі топтың құрған жүйесі үшін құрбандық бердік. М.Горький мен С.Мұқановтың күрескер кейіпкерлері санамыздың жабығынан кіріп, жанымызды жадылап алды. Дәл сол кездегі біз оқыған шығармаларда шынайы адам жоқтың қасы еді, тек қана «жақсы» мен «жаманның» өліспей беріспейтін тартысы ғана бар болатын. «Адамның жаны – тек бірыңғай үйлесімдік пен әдемілікті, немесе тек қана бірыңғай үйлесімсіздік пен ұнамсыздықты бұрқыратып шығара беретін механикалық агрегат емес. Аса саналы, өте білімді адамдардың да ерсі тірлік пен ағат істерге, бүгінгі тілмен айтқанда, қоғамға жарамсыз қылықтарға еркін барғанына – Архимедтің, Платонның, Сократтың, Шекспирдің... Пушкиннің... тағы да басқа көрнекті тұлғалардың өмірі куә», – дейді біздің ойымызды әлем-тапырық еткен Әмірхан Меңдеке есімді қырықтан енді ғана асқан сыншы. Үнсіз ғана келіспеске шара; қарсы дау айтуға иландырар пәтуа жоқ еді бізде бұл кесікті тұжырымға. Себебі бұл біздің өміріміз бен әдебиетіміздегі қасіреті мол шындық болатын.

Еркін ойлар мен философиялық тереңдікке жетелей жөнелетін «Қазақ әдебиетінің қасіреті неденің» оқырман мен әдебиетке, әсіресе арғы бетте томағалы құстай қайда, не үшін ұшарын білмей отырған біз үшін бергені аса мол болды. Санаға сәуле түсті, жауап таппай сандалған сауалдарымызға сара жол ашты. Былайша айтқанда, Қытайдағы қазақ әдебиетінің дүр етіп бір сілкініп, қоғамға, адамға, болмысқа басқа бір қырынан қарауға бағыт нұсқады. Әсіресе біз секілді жас жазармандарға бұл мәйегі мол, мәні өзгеше дәріс болды. Тегінде, әдебиеттің бүгінін ғана саралап қоймай, ертеңіне де бағдар жасап, батыл көзқарастар айту, шын мәнінде, аса талантты һәм парасатты сыншының қолынан ғана келетін жұмыс.

Фото: Әмірхан Меңдеке

Кейіннен бұл мақала «Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей» деген Абайдың өлең жолынан алтын айдар тағынып, автордың «Жалғыздық сені қайтейін» кітабына еніпті. Сол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бізге жеткен «Қазақ әдебиетінен» Әмірхан Меңдекенің «Әйел һәм еркек», «Біз кімбіз осы?», «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір» қатарлы мақалаларын іздеп жүріп оқыдық... Іздеп жүріп оқып, қара қылды қақ жарар әділетті әдебиет сыншысы, қоғам мен қаламгер болмысы жайында толғанатын ойшыл, заманның әр сәтіне зер сала жауапкерлікпен қарап, өз пікірін бүкпесіз айтатын публицист-қаламгер Әмірхан Меңдекені – Әбе-ағамды таптым.

Міне, мен Әбе-ағамды алғаш осылай таныдым. Көрмесем де, жазғанын ыждағаттай оқып, есімін ардақ тұттым. Мен ғана емес-ау, әдебиетке әуесі кеткен арғы беттегі қаламгердің көбіне Әмірхан Меңдеке есімі бүгін де қадірлі, қымбатты.

Бір ойды бір ой түртіп оятатын әдеті ғой. «Біздің әдебиетте сын жоқ, сыншы жоқ» деген сөздің айтылғанына да аз уақыт болған жоқ. «Тез басында қисық ағаш жатпайды» дегендей, сонау кемеңгер ұлы Абайдың, Мұхтардың, Мағжанның, тіпті көзіміз көрген классиктердің шығармаларының тереңіне үңіліп, әр жақпарында бұғынып жатқан хиқмет сырларын сауялы оқырман алдына тартып, көкірек көзін ашар сындарлы ойларын ортаға салған Тұрсынжан Шапай, Әмірхан Меңдеке сияқты ірі тұлғалар тұрғанда «сын жоқ, сыншы жоқ» дегеніміз әбестік болар. Менің білуімше, олардың кезінде айтқан сүбелі ойларында әдебиетіміздің бүгінгі жағдайы да, болашақ тағдыры да жатқан секілді. Ең бастысы, олар нағыз шығарма қандай болу керек, қаламгердің парызы қайсы деген ұғымды бізге ұқтырып берді. Парасатты сыншылар мен ойшылдардың әйдік ойын түсіне алмасақ бізге сын ғана емес, көтеріп жүре алмас мін болар еді. Ендеше, мынандай өзекті сауал туындайды. Біздің руханиятқа жауапты мемлекеттік ұйымдар әдебиеттегі сын саласына және сыншы қауымға қаншалықты көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отыр? Көкейде жүрген сөздің тек қана сауал бетінде қалатыны белгілі...

Бірде «Ойдың тереңдігі дегеніміз – ойдың табиғилығы» дейді Әбе-ағам. Мұны сәл өзгертіп айтсақ, «Адамның тереңдігі – адамның табиғилығында» болып шығады. Мен осы шалқар білімді, талғампаз, кемел ойлы, кесек мінезді, болмысынан айнымаған, сойы бөлек, санасы биік Әмірхан Меңдекені – Әбе-ағамды қазақ әдебиетіндегі нұры алысқа жетіп, қараңғыда менмұндалап шақырып тұратын алып жартас үстіндегі маякқа теңер едім. Себебі ол маған, маған ғана емес, арғы беттегі мен секілді қалам ұстаған қауымға әдебиеттегі нағыз адастырмас сара жолды көрсетіп берді!

Мұрат Шаймаран,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Сайт Әкімшілігі