Live

Мұрат Әбенов Алматыдағы жол апатына қатысты полицейлерді жауапқа тартуды талап етті

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты әрекетсіздік танытқан полиция қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.

Фото: ашық дереккөз

Оның айтуынша, апатқа кінәлі жүргізуші Пак ұзақ уақыт бойы жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзып, көптеген айыппұл жинағанымен, полиция оған қатысты тиісті шара қолданбаған.

Депутат Президенттің бұл істі жан-жақты тергеп, кінәлілердің қатарында полиция қызметкерлері болса, оларды да жауапқа тарту туралы тапсырма бергенін еске салды. Алайда бүгінге дейін жауапкершілікке тек жүргізуші ғана тартылғанын айтты.

Әбеновтің пікірінше, бұл оқиға жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жүйелі мәселелердің салдары. Ол заңды күшейтумен қатар, құқық қорғау органдарындағы жемқорлық пен жауапсыздықты жою қажет екенін мәлімдеді.

Еске салайық, Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты салдарынан үш адам қаза тапқан болатын. Кейін ІІМ бірқатар қылмыстық іс қозғап, қызметтік тексеру жүргізген. Ал 22 маусымда жол апатына кінәлі адамға сот үкімі шықты. Пак 10 жылға бас бостандығынан айрылды.

Сайт Әкімшілігі