спорт

Нани мен Мозес көмектесе алмады

31 қазанда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы аяқталды. Биыл елде чемпион ауысты.

Фото vesti.kz/ ЖИ

 Бұған дейін екі жыл қатарынан турнирде топ жарған алматылық "Қайрат" екінші сатыға ығысып, орнын шымкенттік "Ордабасыға" босатып берді.

"Ордабасы" мен "Қайрат" маусым бойы чемпиондыққа басты үміткер болды. Турнирлік кестеде бірде "Қайрат", бірде "Ордабасы" көш бастап, соңғы турларға дейін текетірескен. Бірақ турнир аяқталуға бір тур қалғанда шымкенттіктер мерзімінен бұрын чемпион атанды. 30 ойында "Ордабасы" 68 ұпай жинаса, "Қайрат" 65 ұпай еншіледі.

Ал "Ақтөбе", "Астана", "Елімай" сияқты үздік клубтар чемпиондық атақтан ертерек күдер үзген. Биылғы Суперкубок иегері "Тобыл" тіпті маусым басында-ақ бас жүлдеге таласа алмайтынын аңғартып алды. Есесіне, көкшетаулық "Оқжетпес" керемет өнер көрсетіп, 4-орынға жайғасты. Олар қаржысы көп "Ақтөбе" мен азулы "Елімайды" артта қалдырды. Тіпті елордалық "Астанадан" қола медальді тартып алуға жақын болды. Қос команда да 54 ұпай жинаған, "Астана" қосымша көрсеткіштердің арқасында ғана маусымды 3-орынмен аяқтады.

Сондай-ақ талдықорғандық "Жетісу" (27 ұпай) мен қызылордалық "Қайсар" (25 ұпай) көш соңында қалып, Бірінші лигаға түсіп қалды. Ең қызығы, жеке инвестордың қолына өткен "Қайсар" маусым басында тәуір трансферлер жасап, жаңа стадионға көшіп, жанкүйерлеріне үлкен үміт сыйлаған. Тіпті клуб басшылығы ҚПЛ-да үздік үштікке енуді жоспарлап отырғанын айтып жүрді. Сол мақсатқа жету үшін кезінде Англияның атақты "Челсиінде" доп тепкен нигериялық Виктор Мозесті қатарға қосқан. Соған қарамастан, клуб турнирлік кестенің соңғы сатысына жайғасты.

2025 жылғы маусымда "Қайсар" бірде-бір легионер алмай, тек қазақстандық футболшылармен өнер көрсетіп, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалған еді. Ал биыл атағы Алатаудай шетелдіктерді шақырса да былтырғы нәтижесін қайталай алмады.

Сонымен, биыл чемпион атанған "Ордабасы" келер жылы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. Ал "Қайрат" пен "Астана" Конференция лигасында бақ сынайды.

Айтпақшы, Қазақстан кубогының жеңімпазы да Еурододаға қатысады. Егер кубокты Премьер-лигада үздік үштікке енген команданың бірі жеңсе, лигада төртінші орынға жайғасқан клуб Еурокубокқа қатысады. Биыл ел кубогының финалында "Ордабасы" мен "Қайсар" кездеседі. Қызылордалық команда төменгі лигаға "ұшып" кеткенін айттық, егер "Қайсар" кубокты жеңіп алса, Конференция лигасына қатысқан тұңғыш Бірінші лига өкілі болмақ. Ал егер "Ордабасы" чемпион атанса, ҚПЛ-да төртінші орын алған "Оқжетпес" Еурокубокқа қатысады. Қазақстан кубогының финалы 7 қараша күні өтеді.    

Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені атағын "Ордабасының" норвегиялық шабуылшысы Берн Йонсен жеңіп алды. Команда сапына маусым ортасында, 2026 жылы маусым айында ғана келген бойшаң форвард 17 ойында 14 гол соғып тастады. Сондай-ақ оның еншісінде 3 нәтижелі пас бар.

Бұл тізімде екінші орынға "Қайрат" шабуылшысы Марк Гуаль жайғасты. Испаниялық шабуылшы да Қазақстанға биыл жазғы трансферлік кезеңде ауысып келген. Ол жарты маусымда Қазақстан чемпионатында 12 гол соқты. Ал қазақстандық ойыншылар арасында үздік нәтижені Артур Шушеначев ("Ақтөбе") пен Роман Мұртазаев ("Елімай") көрсетті. Екі шабуылшы да 10 голдан соқты.

Енді турнирдегі бірқатар статистикаға тоқтала кетейік. Қазақстан Премьер-лигасы сайтының дерегінше, маусым бойы 240 матч өтіп, жалпы 615 гол соғылыпты. Яғни әр матчта орта есеппен 2,6 гол соғылып отырған. Ал ең көп гол соққан команда – "Қайрат" (60 гол).

ҚПЛ аясындағы 240 матчты алаң жиегінен 1 млн 385 мың жанкүйер тамашалапты. Орта есеппен әр ойынға 5,7 мың жанкүйер жиналған. Ең көп көрермен жинаған матч – "Астана аренада" өткен "Астана" – "Қайрат" (1:0) кездесуі. Бұл ойынды 28 235 адам стадионнан тамашалаған екен. Сондай-ақ "Қайраттың" Алматының "Орталық стадионында" өткен 5 кездесуіне 20 мыңнан көп жанкүйер келген екен. Атап айтқанда, "Ақтөбе", "Қызылжар", "Астана" және "Ордабасыға" қарсы матчтарға 22 800, ал "Елімаймен" ойынға 21 465 адам жиналған. Соған қарамастан, маусым бойы орта есеппен ең көп жанкүйер жинаған команда – "Ордабасы" (орта есеппен әр матчқа 11 360 адам келген).

Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – бірнеше клуб жеке инвестордың қолына өтті. Бұған дейін алматылық "Қайраттан" (Қайрат Боранбаевқа тиесілі) өзге командалар мемлекет қазынасынан миллиардтап қаржы алатын. Сөйте тұра көбінде не спорттық база, не жас футболшыларды тәрбиелейтін академия жоқ еді. Жыл сайын бюджеттен бөлінетін бірнеше миллиард теңгені легионерлерге жалақы төлеуге ғана жұмсайтын.

Ал биыл "Қайраттың" қатарына тағы бірнеше команда қосылды. Кәсіпқой клубтарды жекешелендіру туралы президент тапсырмасынан кейін "Қайсар", "Жеңіс", "Шахтер", "Қызылжар", "Ақтөбе", "Ордабасы" сияқты клубтар жеке қолға өтті. Атап айтқанда, Қызылорданың "Қайсарын" – Исламғали Қозбақов, Петропавлдың "Қызылжарын" – Сергей Кан, елордалық "Жеңісті" – Михаил Ломтадзе, қарағандылық "Шахтерді" – Тимур Турлов, ақтөбелік "Ақтөбені" – Нұрлан Артықбаев, шымкенттік "Ордабасыны" – Шахмұрат Мүтәліп қолға алды. Бұлардың бәрі елдегі ең ірі бизнесмендердің тізіміне кіреді.

Олигархтар қолына өткен кей команда қазақстандық жанкүйерлерді ғана емес, алыс-жақын шетелді таңғалдырған бірер үлкен трансфер жасады. Атап айтқанда, "Ақтөбе" Португалия футболының аңызы, Еуропа чемпионы Луиш Наниді қатарға қосты. Нани – ҚПЛ-да доп тепкен тұңғыш Еуропа чемпионы (ЕУРО-2016) болды. Ол "Манчестер Юнайтед" (Англия) сапында УЕФА Чемпиондар лигасын жеңген. Жақында (17 қарашада) 40 жасқа толатын футболшы "Ақтөбе" сапында бір маусымда 3 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Оның командасы турнирлік кестеде небәрі 5-орынға жайғасты.

Ал "Қайсар" 35 жастағы нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозесті қатарға қосқан. Клубтық мансабында "Челси", "Ливерпуль" (екеуі де Англия), "Интер" (Италия) сияқты атақты командаларда доп тепкен Мозес "Қайсар" сапында небәрі 2 гол соқты. Ең жаманы, "Челси" сапында Чемпиондар лигасын жеңген футболшы "Қайсарды" ҚПЛ-да сақтап қала алмады, қызылордалықтар келер жылы Бірінші лигада бақ сынайды. Айтпақшы, Нани мен Мозестің келер жылы Қазақстанда қалмайтыны анық.

Демек, даңқты Нани мен Мозес командаларына көмектесе алмады. Біріншіден, "Ақтөбе" мен "Қайсар" алға қойған мақсатына жете алмады. Екіншіден, маусым басында сарапшылар "Нани мен Мозес маркетинг тұрғысынан пайдалы, қазақ футболына жарнама болады" деген. Бірақ шау тартқан қос футболшының жарнамасы жер жарды дей алмаймыз. Әлемдік БАҚ олар алғаш Қазақстанға келгенде бірер ақпарат таратқаны болмаса, одан кейін мүлде елеусіз қалдырды. Қазақ футболы Нани мен Мозестің арқасында әлемдік баспасөзге шықты дей алмаймыз. 

2026 жылы Қазақстан Премьер-лигасына 16 команда қатысты. Жоғары лигаға қатысатын командалардың көбейгені жанкүйерлер үшін жақсы. Әр жанкүйер өз қаласында, өз өңірінің клубына қолдау көрсеткісі келеді. Біздің елде 17 облыс пен 3 мегаполис бар. Демек, оның әрбірінен бір команда шықса, ҚПЛ-да 20 клуб болуы тиіс еді. Бірақ барлық облыстағы жағдай бірдей емес. Бірінде – инфрақұрылым жоқ, екіншісінде – қаржы аз. Ашығын айтқанда, Қазақстанда заманауи талапқа сай келетін стадиондар өте аз. Тәуелсіздік алғаннан бері елде небәрі 3 жаңа стадион салынды.

Сенесіз бе, биыл Премьер-лигада 13-орын алған "Атырау" командасы өз стадионына чемпионат бітуге екі-ақ тур қалғанда, 14 қазан күні ғана оралды. Оған дейін өз алаңындағы матчтарды Түркістанда өткізді. Ал мұндайда атыраулық жанкүйерлер өз командасына өз жерінде қолдау көрсетті деп қалай айтамыз?

Қазақстандағы футбол клубтарының көбінің стадионы нашар. Мысалы, биыл ҚПЛ-ға қатысқан 16 команданың жетеуі ғана маусымды өз алаңында бастады. Ал қалғаны күн жылынып, стадионы дайын болғанша "көшпенді" күй кешті. "Ақтөбе" мен "Ұлытау" – Түркістанда, "Алтай" мен "Жетісу" – Алматыда, "Елімай" – Астанада, "Каспий" – Қызылордада алғашқы матчтарын өткізді. Бұлардың біреуі – бір айдан кейін, екіншісі – 2-3 айдан соң өз стадионына оралды. Ал "Атырау" өз үйіне маусым соңында ғана оралғанын айттық. Мұндай жағдайда футболды дамыту жөнінде айтудың өзі қиын. Қазақ футболына келіп жатқан инвестор-олигархтар осы кемшілікті түзеп, инфрақұрылым мәселесін қолға алар ма екен?..

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі