Непалдағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 469-ға жетті
Непалда болған жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 469 адамға жетті. Бұл туралы ел полициясына сілтеме жасап Reuters хабарлады.
Құтқарушылар әлі де үйінділер мен лай басқан аумақтардан жоғалған адамдарды іздеп жатыр.
Апат Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданы шекарасына жақын аймақта болған. Қытай билігі Тибетте тағы 3 адамның қаза тапқанын растады. Осылайша екі елдегі жалпы құрбандар саны кемінде 472 адамға жетті.
Соңғы мәлімет бойынша, Непалда жүздеген адам әлі із-түзсіз жоғалған. Тибет жағында да 500-ден астам адаммен байланыс жоқ. Жалпы екі елде жоғалғандар саны 1,5 мыңнан асады. Олардың арасында шетелдік туристер де бар.
Тасқын үйлерді, көпірлер мен жолдарды шайып кеткен. Кейбір елді мекендер сыртқы әлеммен байланыссыз қалған. Құтқару жұмыстарына Непал армиясы, полиция және арнайы күштер жұмылдырылып, шалғай аудандарға тікұшақтар жіберілген.
Билік жаңа тасқын қаупі әлі сейілмегенін ескертті. Көшкін салдарынан таулы аудандарда уақытша көлдер пайда болған. Олардың бірінен су аса бастағандықтан, кей жерлерде құтқару операциялары уақытша тоқтатылған.
Апаттың нақты себебі әлі зерттеліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, мұздықтың опырылуы өзен арнасын уақытша бөгеп, кейін үлкен су массасының төмен қарай лап қоюына себеп болуы мүмкін.