Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 900-ден асты
Гималайдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 900-ден асты. Непалдың төтенше жағдайлар қызметі 31 тамызда ел аумағынан 903 адамның денесі табылғанын хабарлады.
Қытайдағы ресми деректі қосқанда, апат құрбандарының жалпы саны кемінде 919 адамға жеткен.
Непалда із-түзсіз жоғалғандар саны да күрт өскен. Қазір 4247 адамның тағдыры белгісіз, олардың 592-сі – шетел азаматы. Қытайда тағы 546 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Апат аймағында мыңдаған құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Іздестіру жұмыстары әсіресе зардап шеккен гидроэлектр станцияларында жүргізілуде. Болжам бойынша, бөгеттердің біріндегі тоннельде жүздеген жұмысшы қамалып қалуы мүмкін.
Құтқару жұмыстарына су деңгейінің көтерілуі мен қолайсыз ауа райы кедергі келтіріп отыр. Мамандар жаңа көшкіндер мен тасқындар болуы мүмкін деп ескертеді. Алдағы күндері аймақта тағы жаңбыр жауады деген болжам бар.
Су тасқыны мен көшкіндер көптеген жол мен көпірді қиратып, Катмандуды елдің оңтүстік өңірлерімен байланыстыратын негізгі автомагистральға да зақым келтірген.
Қаза тапқандарды уақытша жаппай жерлеп жатыр
Жергілікті БАҚ пен ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, Непалда жеке басы анықталмаған мәйіттерді жаппай қабірлерге уақытша жерлеу басталған. Олардың ДНҚ үлгілері алынып, кейін туыстары анықталған жағдайда денені алып кетуге мүмкіндік беретін арнайы белгілер қойылып жатыр.
Индуизм кең тараған Непалда марқұмдарды дәстүр бойынша кремациялайды. Сондықтан билік мұндай жерлеу шарасын мәйіттерді туыстары табылғанға дейін уақытша сақтау тәсілі деп түсіндірген.
Непал билігінің мәліметінше, көптеген адамның денесі су тасқыны болған аймақтан ондаған шақырым жердегі елдің оңтүстігінен табылған. Кейбір мәйіттер қатты бұзылғандықтан, оларды бірден тану мүмкін болмай отыр. Мамандар санитарлық жағдай нашарласа, жұқпалы аурулардың таралу қаупі артуы мүмкін екенін де ескертті.
Апат неден болды?
Жойқын тасқын 26 тамыз таңертең Тибетпен шектесетін Непалдың Расува аймағында басталған.
Алдын ала болжам бойынша, Бхоте-Коши өзенінің арнасын орасан көлемдегі лай мен тас басып, кейін өзен арнасынан шыққан. Непал билігі мұндай құбылыс жер сілкінісі немесе мұздықтың еруінен болған көшкіннен туындауы мүмкін деп есептейді.
Қытайдың Тибет аймағына шетелдік журналистердің кіруі шектеулі болғандықтан, апаттың ондағы нақты ауқымын тәуелсіз бағалау қиын болып отыр.