Әлеумет

Несиесі  кешірілген азаматтар салықтан босатылуы мүмкін

Қазақстанда азаматтардың өтелмейтін несиелері есептен шығарылған жағдайда табыс салығын төлеуден толық босату мәселесі қаралып жатыр.

Фото: inbusiness.kz

Ұсыныс алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен және қиын жағдайға тап болған қарыз алушыларға да қатысты болмақ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы қарыздар кешірілген кезде азаматтарға жеке табыс салығын салмау тетігін сақтауды ұсынды.

Қолданыстағы салық ережесіне сәйкес, банк қарыз алушының берешегін есептен шығарса, бұл сома азаматтың табысы ретінде қарастырылады. Соған байланысты одан жеке табыс салығын төлеу талап етілуі мүмкін. Қазір салықтан босату тек заңда көрсетілген жекелеген жағдайларға қолданылады.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қарыз алушының ауыр жағдайын банктің коммерциялық шешімдерінен ажырату қажеттігін айтты.

«Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар, сондай-ақ шынымен қиын өмірлік жағдайға тап болған қарыз алушылар берешегі есептен шығарылған кезде жеке табыс салығын төлеуден толық босатылуы керек. Мемлекеттің ұстанымы – осы. Ал банк өз балансын оңтайландыру немесе провизияларды қайта бөлу мақсатында коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет автоматты түрде салық түсімінен айырылмауы тиіс. Бұл мәселеде теңгерімді тәсіл қажет», – деді Серік Жұманғарин.

Енді мемлекеттік органдар салықтық жеңілдік қолданылатын «ауыр өмірлік жағдайлардың» нақты тізімін анықтауы тиіс.

Алдын ала қарастырылып отырған критерийлер қатарында мүгедектік, еңбекке қабілеттіліктен айырылу, мүлік пен тұрақты табыстың болмауы сияқты жағдайлар бар.

Ұсыныс мақұлданған жағдайда, алаяқтардың құрбаны болған және объективті себептермен қарызын өтей алмай жүрген азаматтарға қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік берілмек.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: несие салық