Нигерияда адам шамадан тыс мінген қайық аударылып, 50-ден астам адам қаза тапты
Нигерияда жолаушы шамадан тыс мінген қайықтың аударылуы салдарынан кемінде 50 адам қаза тапты.
Құрбандардың басым бөлігі – балалар.
Қайғылы оқиға 20 тамызда Нигерияның Сокото штатында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандардың 40-қа жуығы – балалар.
Қайықтағы адамдар Гороньо жергілікті басқару аумағындағы Горау қаласына ауыл шаруашылығы жұмыстарына бара жатқан. Жергілікті тұрғындардың бірінің айтуынша, қайықта ферма иелері мен күріш жинауға жалданған жұмысшылар болған.
Куәгерлердің қайықтағы адам санына қатысты мәліметтері әртүрлі. Бір тұрғын оның бортында 70-тен астам адам болғанын айтса, екіншісі 57 адам болғанын жеткізген.
Билік өкілдерінің мәліметінше, құтқарушылар 40-қа жуық баланың денесін тапқан.
Нигерияда мұндай қайғылы оқиғалар жиі кездеседі. Бұған қайықтарға шамадан тыс адам мінгізу, көлік құралдарының техникалық жағдайының нашарлығы және қауіпсіздік талаптарының тиісті деңгейде сақталмауы себеп болады. Әсіресе жаңбырлы маусымда елдегі өзендер мен су жолдарында апат қаупі артады.