Нигерияда Эбола вирусын жұқтыру дерегі тіркелді
Нигерияда 2026 жылы алғаш рет Эбола вирусын жұқтыру жағдайы тіркелді.
Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, вирус Уганда арқылы Нигерияға келген әйелден анықталған. Науқаста аурудың алғашқы белгілері 7 қазанда пайда болып, 11 қазанда Абуджа қаласындағы ауруханаға жатқызылған. 20 қазанда жүргізілген зертханалық тексеріс оның Эбола вирусын жұқтырғанын растаған.
Қазір науқас оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр. Онымен байланыста болған 44 адам медициналық бақылауға алынған.
ДДҰ мәліметінше, бұл – биыл Нигерияда тіркелген алғашқы жағдай. Бұған дейін елде Эбола вирусы 2014 жылы анықталған болатын.
Эбола – адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы вирустық ауру. Ол дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет ауруы, құсу және іш өту сияқты белгілермен сипатталады. Ауыр жағдайларда ішкі және сыртқы қан кетуі мүмкін.
Вирус науқас адамның қанымен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы жұғады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жағдайды бақылап, инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу шараларын жүргізіп жатыр.