Live

Нұрай Серікбайдың өліміне айыпталушы кешірім сұрады

Шымкентте өтіп жатқан сот отырысында Нұрай Серікбайдың өліміне айыпталушы Шерхан Аймахан өз жағдайы үшін кешірім сұрады.

Фото: ашық дереккөз

 Алайда ол кісі өлтірудің өзі үшін емес, психикалық денсаулығына уақытында көңіл бөлмегені үшін өкініш білдірді.

Айыпталушының айтуынша, 2019 жылы басынан алған жарақаттан кейін оған обсессивті-компульсивті бұзылыс диагнозы қойылған. Оның сөзінше, ата-анасы оны психиатрларға қаратып, Алматы мен Қаскелеңдегі емшілерге апарған, сондай-ақ үйде түрлі діни және дәстүрлі жоралғылар жасаған. Ол осының бәрі үшін Нұрайдың туыстарынан, өз жақындарынан және бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұрады.

Сонымен қатар Шерхан Аймахан Нұрайға өзінің диагнозы туралы ешқашан айтпағанын және қызды аңдыды деген айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

Алайда сот-психиатриялық сараптама оны есі дұрыс деп таныған. Тергеу оны аса қатыгездікпен адам өлтіру, адам ұрлау, аңду және некеге мәжбүрлеу баптары бойынша айыптап отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сайт Әкімшілігі