спорт

Нұрбек Оралбай мен Махмұд Сабырхан Азия ойындарының ширек финалына шықты

Қазақстандық боксшылар Нұрбек Оралбай мен Махмұд Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жектерін жеңіспен аяқтап, ширек финалға жолдама алды.

Фото: ашық дереккөз

55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан Иран өкілі Мехди Каземимен кездесті. Қазақстандық боксшы жекпе-жектің алғашқы секундтарынан-ақ басымдықты өз қолына алды.

Екінші және үшінші раундтарда Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Үш раунд қорытындысында төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының жеңісін тіркеді – 5:0. Осылайша Махмұд Сабырхан ширек финалға өтті.

90 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының жүлдегері Нұрбек Оралбай Ауғанстан боксшысы Силаб Нуримен қолғап түйістірді. Үш раунд бойы басым өнер көрсеткен Оралбай да төрешілер шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге шықты.

Ал әйелдер құрамасының өкілі Виктория Графеева Азия ойындарындағы жарысын аяқтады. Ол Қытай Тайбэйінің өкілі, Олимпиада чемпионы Линь Юйтинмен кездесті. Тартысты өткен үш раундтан кейін төрешілердің шешімімен Линь Юйтин 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Төрехан Сабырхан мен 51 келіге дейінгі салмақтағы Алуа Балқыбекова да қарсыластарынан басым түсіп, Азия ойындарының ширек финалына жолдама алған еді.

Т. РАУШАНҰЛЫ