Нұрлан Сабуров Молдовада өнер көрсетуі ұсынылмайтын әртістер тізіміне енді
Қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабуров Молдовада өнер көрсетуі ұсынылмайтын әртістердің арнайы тізіміне енгізілді.
Бұл туралы bes.media басылымы хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Сабуров ТМД елдерінен шыққан, концерттерін өткізуге шектеу қою ұсынылған әртістер тізіміне енген. Қазақстандық комиктен бөлек, бұл тізімге ресейлік танымал орындаушылар Моргенштерн, Клава Кока, Егор Крид, Баста және Гуф сияқты шамамен жиырмаға жуық өнер иесі енгізілген.
Шешімнің салдары қандай?
Молдова Мәдениет министрлігінің түсіндіруінше, әзірге бұл әртістердің концерттерін өткізуге тікелей заңдық тыйым салынған жоқ. Алайда билік концерт ұйымдастырушыларына ықтимал қауіптер туралы ресми ескерту жасаған.
Ведомствоның хабарламасында:
«Егер промоутерлер осы тізімдегі әртістерді шақыру туралы шешім қабылдаса, онда олар туындауы мүмкін барлық салдарға толық жауапкершілік алады. Сонымен қатар аталған орындаушыларға Молдова аумағына кіруге шекара қызметі тарапынан рұқсат берілмеуі мүмкін», – делінген.
Сабуровқа қатысты өзге шектеулер
Бұл – Нұрлан Сабуровтың шетелдегі гастрольдік қызметіне қатысты алғашқы шектеу емес.
2026 жылдың ақпанында әзілкеш Ресей Федерациясынан депортацияланып, оған елге 50 жылға кіруге тыйым салынған болатын.
Бұған дейін Украинада да Сабуровқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ал Қазақстанда «Вагнер» жеке әскери компаниясымен байланыстырылған жауынгерлерге мотоциклдер табысталғаны көрсетілген резонанс тудырған видеодан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) әзілкешке қатысты тексеру бастаған еді.
Кейін ҰҚК тексеру қорытындысы бойынша заң бұзушылық анықталмағанын хабарлаған.