Огай мен Жұманбаевтың компаниясы Курчатовта 881 млрд теңгеге электр станциясын салады
Қазақстан үкіметі Абай облысындағы Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын конденсациялық электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады.
Жобаның құны – 881 млрд теңге. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Инвестициялық келісім Энергетика министрлігі мен «ГРЭС Курчатов» ЖШС арасында жасалған. Алайда келісімнің нақты шарттары жарияланған жоқ. Сондықтан құрылысқа жұмсалатын 881 млрд теңгенің барлығы жеке инвестиция есебінен қаржыландырыла ма, әлде бюджеттен де қаражат бөліне ме – әзірге белгісіз.
Жоба бойынша әрқайсысының қуаты 350 МВт болатын екі энергоблок кезең-кезеңімен салынып, 2032 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс. Станция толық іске қосылғаннан кейін жылына 5 млрд кВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жоба аясында шамамен 4,4 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Үкімет мәліметінше, станция көмірмен жұмыс істейді. Нысан жоғары қысым мен температура жағдайында жұмыс істеуге арналған заманауи бу-күштік жабдықтармен қамтамасыз етіліп, «таза көмір» технологиялары қолданылмақ.
Инвестициялық келісім жасалған «ГРЭС Курчатов» компаниясын былтыр «Kazakhmys Energy» компаниясының бас директоры Темірлан Өтегенов құрған. Ол биыл ақпанда энергетикалық форумдардың бірінде Курчатовта электр станциясын салу жобасы туралы айтқан.
Биыл сәуірде «ГРЭС Курчатов» құрылтайшыларының қатарына кәсіпкерлер Эдуард Огай мен Владимир Жұманбаев қосылды. Екеуі де «Қазақмыс» тобынан шыққан және металл өндіру саласындағы бірқатар кәсіпорынға иелік етеді. Огай сондай-ақ Курчатов орналасқан Абай облысындағы көмір кен орнын игеретін компанияны бақылайды.
Ал екі апта бұрын «ГРЭС Курчатовтың» төртінші құрылтайшысы ретінде Кипрде тіркелген KM Kazakh Mining Company Limited компаниясы қосылған. Соңғы екі жылда Огайдың компаниялары осы құрылыммен бірнеше кен орны мен кәсіпорынды сату бойынша мәмілелер жасаған. KM Kazakh Mining Company Limited компаниясының түпкі иелері жарияланбаған.
«ГРЭС Курчатов» құрылтайшылары арасында үлестердің қалай бөлінгені де белгісіз.
Бұған дейін үкімет Қазақстандағы үшінші атом электр станциясын Курчатовта салу мүмкіндігін талқылаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үкіметке Курчатовты ғылым қаласы ретінде дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырған.
Курчатов – Абай облысындағы 10 мыңға жуық тұрғыны бар қала. Ол 1947 жылы Семей ядролық полигоны маңындағы жабық кеңестік әскери қалашық ретінде салынған. Полигон жабылғаннан кейін қаланың инфрақұрылымы айтарлықтай әлсіреп, халық саны азая бастаған.