Оқиғалар

Өңдеу өнеркәсібі – экономиканың жаңа тірегі

Өңдеу өнеркәсібі бүгінде кез келген елдің индустриялық дамуының басты көрсеткіштерінің бірі саналады.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл сала өндірісті әртараптандырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрады, инновациялық технологиялардың дамуына серпін береді, экспорттық әлеуетті арттырады және сыртқы нарыққа тәуелділікті төмендетеді.

Осы үрдістің нақты нәтижелері Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығында (ҰТО) өткен «Өндірістен сұранысқа дейін: отандық өңдеу өндірісінің дамуы» тақырыбындағы дәрісте жан-жақты талқыланды. Басқосуда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшылығы, сарапшылар мен сала мамандары 2021-2025 жылдар аралығындағы өңдеу өнеркәсібінің даму көрсеткіштерін саралап, оның экономикадағы рөлін бағалады. Ұлттық талдау орталығы ұсынған аналитикалық шолу Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің кейінгі бес жылда тұрақты даму траекториясына шыққанын көрсетеді. Зерттеу қорытындысына сәйкес, өндіріс көлемі жыл сайын өсіп келеді, импорттың арту қарқыны едәуір баяулаған, ал өндіріс құрылымы технологиялық жағынан күрделеніп, әртараптана түскен. Бұл өзгерістер тек статистикалық көрсеткіштердің жақсарғанын ғана білдірмесе керек. Осы нәтиже арқылы өндіріс мәдениетінің өзгеріп, кәсіпорындардың өнім сапасын арттыруға және әлемдік нарық талаптарына бейімделуге бет бұрғанын аңғарамыз. Мәселен, ҰТО бағалауынша, соңғы бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларындағы өндірістің орташа жылдық өсімі АҚШ доллары баламасында 11,2 пайызды құраған. Ал 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 12,1 пайызға дейін жеделдеген. Сонымен бірге жоғары технологиялық өндірістердің үлесі 20,7 пайыздан 27,6 пайызға дейін өскен.

Сарапшылардың пікірінше, жоғары технологиялық өндірістің артуы экономиканың сапалық тұрғыдан өзгеруінің басты белгісі. Мұндай өндірістер ғылыми зерттеулерге, инженерлік шешімдерге және жоғары білікті кадрларға сүйенеді. Сондықтан олардың дамуы өнеркәсіппен қатар білім беру, ғылым және инновациялық экожүйенің де ілгерілеуіне ықпал етеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі оң өзгерістер импорт құрылымынан да байқалады. Егер 2021-2023 жылдары импорттың орташа жылдық өсімі 23,9 пайызды құраса, 2023-2025 жылдары бұл көрсеткіш небәрі 2,9 пайызға дейін төмендеген.

Аталмыш дәріс барысында сарапшылар өңдеу өнеркәсібінің дамуы еліміздің өндірістік базасының кеңейгенін, импортқа тәуелділіктің азайғанын және шикізаттық емес экспорттың нығайып келе жатқанын ерекше атап өтті. Алдағы кезеңде өндірісті цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, өндіріс орындарының энергия тиімділігін арттыру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру сияқты бағыттар өңдеу өнеркәсібінің жаңа даму кезеңіне жол салмақ. Егер бүгінгі қарқын осы күйінде жалғаса берсе, Қазақстан өңірдегі өндірістік хабтардың біріне айналып, жоғары қосылған құны бар өнімдерді халықаралық нарыққа тұрақты жеткізетін елдердің қатарына қосылуға толық мүмкіндік аларына сенеміз.

Сәруар Бақберген

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: өнеркәсіп